Павлодарда тұрғындардың мәселелері орталық жағалауда тыңдалды

Ең жиі көтерілген тақырыптар – тұрғын үй, білім, денсаулық сақтау және жер мәселелері, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Орталық жағалауда облыстық және қалалық мәслихат депутаттарының, мемлекеттік органдар мен салалық ұйым өкілдерінің қатысуымен көшпелі қоғамдық қабылдау өтті. Іс-шара «Кабинетсіз әңгіме» форматында өтіп, тұрғындар мен билік арасындағы ашық диалогты нығайтуды мақсат етті.
– Қоғамдық қабылдауға келген шамамен 30 тұрғын өзекті сұрақтарын қойып, нақты жауап алуға мүмкіндік алды. Ең жиі көтерілген мәселелер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, еңбек қатынастары мен жер қатынастары болды. Әсіресе тұрғындар балалар алаңдарын орнату, автобус аялдамалары мен кіреберіс маңына орындықтар қою туралы сұрақтар қойды. Бұл мәселелер бойынша әкімдікке жазбаша өтініш беру қажеттігі түсіндірілді, – деді «AMANAT» партиясы облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Қабылдауда жұмысқа қайта орналасу бойынша да мәселе көтерілді. Бұл сұрақпен жүгінген азаматқа құқықтық көмек көрсету үшін Динара Айтжанова сол күні-ақ талап-арыз жазуға көмектесетінін айтты.
Сондай-ақ, «Қарызсыз қоғам» жобасының менторлары қаржылық сауаттылық бойынша сұрақтарға жауап беріп, бірқатар қатысушыны оқуға тіркеді.
Қорытындысында бірқатар сұрақ бақылауға алынып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тұрғындармен жүйелі жұмыс жалғаспақ.