Павлодар ауданында мотоциклмен Мазда соқтығысты
Белгілі болғандай, мотоциклді тізгіндеген жүргізуші мас болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, мотоциклдердің қатысуымен жол-көлік оқиғасы көбіне мамыр-қыркүйек айлары мен демалыс күндері болатынын көрсетті.
- Пресное ауылында «Орал» маркалы мотоциклді мас күйінде тізгіндеген ауылдың 56 жастағы тұрғыны Мазда маркалы автокөлікпен соқтысты. Медициналық куәландыруға сәйкес ауыл тұрғыны мас күйінде болған. Ол ішімдік ішіп мотоциклді басқарғаны үшін жауапқа тартылды. Материал сотқа жіберілді, - деді Павлодар ауданының жергілікті полиция қызметінің бастығы Қайрат Сатыбаев.
Жүргізуші заңнамаға сәйкес 20 тәулікке дейін қамауға алынып, жеті жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін.
Айта кетелік, тек биыл жыл басынан бері Павлодар ауданында полицейлер көлікті мас күйінде басқарған 5 жүргізушінің жолын кесіп, тәртіп бұзушылардың барлығы жазаланды.