Павлодар ауданында тазалық пен тәртіп мәдениеті нығаюда

Павлодар ауданында тазалық пен тәртіп мәдениеті нығаюда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ауылдық жерлерде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүйелі жұмыстар атқарылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Павлодар ауданында тазалық, тәртіп пен қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты жүзеге асырылуда. Мәселен, Ефремовка ауылында «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асырудың қорытындылары мен алдағы жоспарларына арналған кеңес өтті.

Жиында аудан әкімінің орынбасары Хамза Оразбеков Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» тұжырымдамасына тоқталып өтті. Онда елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартумен ғана шектелмей, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың жауапкершілігін арттыру және қоғамды абаттандыру мәселелеріне тарту міндеттері қарастырылғанын жеткізді. 

2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдама экологиялық ағартудан және көгалдандырудан бастап, инфрақұрылымды дамыту мен жинақталған экологиялық залалды жоюға дейінгі кешенді тәсілді көздейді.

- Павлодар ауданында бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде. 2025 жылы «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Таза Like», «Таза жұма», «Таза өңір», «Мөлдір бұлақ», «Үлгілі ауыл», «Болашақты бірге егеміз» және «Таза жағалау» жобалары жүзеге асырылды. Қабылданған шаралар ауданның елді мекендеріндегі санитарлық және эстетикалық жағдайды едәуір жақсартуға мүмкіндік берді, - деді аудан әкімі Дидар Ибраев.

Аудан басшысы бағдарлама аясында тұрғындардың белсенділігін ынталандыруға ерекше назар аударылғанын айтты. Облыстық «Үлгілі ауыл» конкурсы аясында көшелер мен аулалардың жай-күйі, сондай-ақ көгалдандыру деңгейі бағаланды. Ефремовка ауылымен қатар Новоямышево және Кемеңгер ауылдары да байқауға белсенді қатысқан. 

Павлодар облысының әкімі  Асайын Байхановтың тапсырмасына сәйкес, «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпазы атанған Ефремовка ауылына жаңа қызметтік автокөліктің кілті табысталды. 

Дидар Ибраевтың айуынша, мұндай қолдау - ауылды одан әрі дамытуға қосымша серпін береді.

Аудан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында іске асатын жұмыстар легін әрі қарай жалғаса бермек.

- Ауданда инфрақұрылымдық жобалар да жүзеге асырылуда. Госплемстанция, Ольгинка, Шақат және Набережное ауылдарында шағын футбол алаңдары жөнделді, Набережное және Жаңа қала ауылдарында балалар ойын алаңдары абаттандырылды, Розовка ауылында көше жарығының бағаналары орнатылды, Зангар ауылында тротуар плиткалары төселіп, саябақ аймағы абаттандырылды, ал Шақат ауылында тротуар салынды, - деп атап өтті аудан әкімі.

Дидар Ибраев 18 сәуірден бастап Павлодар ауданында елді мекендерді абаттандыру және санитарлық тазарту айлығы басталатынын мәлімдеді. 

- Осы кезеңде бекітілген аумақтарды тазалау, ағаш отырғызу, қалдықтарды шығару, нысандарды сырлау және әктеу, сондай-ақ сауда нысандары мен қоғамдық кеңістіктердің аумақтарын ретке келтіру жұмыстары жоспарланған. Сонымен қатар көгалдандыруға, ағаштарды санитарлық өңдеуге, 24 ескерткішті абаттандыруға және көшет отырғызуға ерекше мән беріледі, - деді ол. 

Бұдан бөлек, Рождественка ауылдық округіне қарасты Рождественка ауылында балалар ойын алаңын орнату жоспарлануда.

Фото: Павлодар ауданының әкімдігінен.