Павлодар облысында көкнәр сабанын дәмдеуіш ретінде сатқан қылмыстық топ ұсталды

Павлодар облысында көкнәр сабанын дәмдеуіш ретінде сатқан қылмыстық топ ұсталды
Фото: pexels.com

Қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыс прокуратурасының үйлестіруімен қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. 

– Олар кондитерлік көкнәрдің орнына тұқымдары мен кептірілген көкнәр сабанынан дайындалған есірткі заттарын таратумен айналысқан. Қаскүнемдер азық-түлік дәмдеуіштерін сататын орындар ашып, негізгі мақсаттары есірткіге тәуелді адамдарға көкнәр қоспасын сату болған,– деді прокуратурада. 

Есірткі заттарын тарату фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі негізінде қылмыстық іс қозғалды. Экономикалық тергеп-тексеру департаменті бұл бағытта тергеу іс-шараларын жүргізуде.

Тергеу мүддесіне байланысты Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес басқа ақпарат жариялауға жатпайды.

Тағы бір жағдайда Железин ауданының прокуратурасы полициямен бірлесіп, кинологиялық қызметті тарта отырып жүргізген рейдтік іс-шаралар барысында ауылдық округтердің біріндегі жеке тұрғын үй аумағынан шамамен екі келі марихуана табылған.

Сот үкімімен кінәлі тұлға Қылмыстық кодекстің 296-бабының 4-бөлігі бойынша қылмыстық жауапқа тартылып, оған үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.