Павлодарлықтар Президенттің бастамасымен әзірленген халықтық Конституцияны қолдады

Павлодарлықтар Президенттің бастамасымен әзірленген халықтық Конституцияны қолдады
Фото https://referendum2026.kz

Жалпыұлттық референдум қарсаңында Коалиция өңірде 12 мың іс-шара өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов бастаған «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы Павлодар облысының тұрғындарымен кездесті.

Қоғам өкілдері, өндіріс саласының мамандары, жастар және аймақ белсенділері жаңа Конституцияның маңыздылығы мен оның өңірге және елге әкелетін мүмкіндіктері туралы пікірлерімен бөлісті.

Жалпыұлттық референдум қарсаңында Коалиция өңірлерде, оның ішінде ең шалғай елді мекендерде де 12 мың іс-шара өткізді. Миллиондаған қазақстандықтар жаңа Конституцияны қабылдаудың маңыздылығын түсініп, құжатта қамтылған құндылықтардың өздері үшін өзекті екенін айтып, елдің дамуы мен өз жоспарларын іске асыруға берілген үлкен мүмкіндік деп санайды. Бұл туралы Коалиция мүшелері Павлодар облысының орталығындағы Қалалық мәдениет сарайында өңірдің қоғамдық өкілдерімен өткен кездесуде айтты. Жиынға шамамен 900 адам жиналды.

Өңір тұрғындарымен әңгіме барысында Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы ұсынған жаңа Конституция жобасы халықтың және белсенді азаматтардың сұраныстары мен ұсыныстарына негізделгенін атап өтті. Парламенттік реформаны дайындау кезінде Конституциялық комиссияға қазақстандықтардан 10 мыңнан астам ұсыныс пен өтініш келіп түсті. Мәжіліс Спикері Павлодар облысының ғалымдары, тұрғындары, сарапшылары мен қоғам өкілдері осы ірі тарихи кезеңнің белсенді қатысушыларының бірі болғанын атап өтті.

– Қоғамның талабын және заман тынысын терең түсіне отырып, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда ұсынылған өзгерістердің ауқымы мен маңыздылығы жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар екенін атап өтті. Бұл Конституциялық комиссияның жұмысы барысында нақтыланды. Біз бәріміз Президенттің жобаны әзірлеу процесін өз бақылауында ұстап, комиссия басшыларын және мүшелерін үнемі қабылдап отырғанына куә болдық. Осы кездесулерде Президентіміз жаңа Конституцияның тұжырымдамалық идеяларына, негізгі қағидаттары мен іргелі құндылықтарына қатысты бағыт-бағдарды айқындап, олардың мәні мен мазмұнын белгіледі. Сондықтан Жалпыұлттық коалиция атынан біз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев біздің Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның жаңа халықтық Конституциясының бастамашысы әрі архитекторы болды деп нақты айта аламыз, – деді Ерлан Қошанов. 

Ол жаңа Конституция азаматтардың сұранысын ескере отырып, саяси жүйе мен барлық қоғамдық институттарды жаңа жағдайда жаңғыртуға бағыт беретін маңызды құжат екенін атап өтті. Кездесу қатысушылары жаңа Конституция жобасын осы уақыт ішінде қоғамда кеңінен талқыланудың арқасында терең түсінгендерін айтты. Бұл қағидаттар құжаттың кіріспе бөлімінен бастап-ақ айқын көрініс тапқан.

Жаңа Ата заң жобасында бекітілген принциптердің тәжірибеде қалай іске асқаны туралы өңірлік «TURGYNDAR AMANATY» жобасының қатысушылары, яғни жергілікті тұрғындар өздері айтып берді. Жоба тұрғындардың үйлері мен аулаларындағы мәселелерді бірлесіп шешуге жағдай жасауға бағытталған.

Жаңа Конституцияның қабылдануы аясында жастарға цифрлық ортада, білім, ғылым, мәдениет және саясат салаларында ашылатын жаңа мүмкіндіктер туралы Павлодар облысының креативті жастары өкілдерімен IT-колледжінде өткізілген ашық микрофон форматындағы кездесуде талқыланды.

Павлодар облысының тұрғындары 15 наурызда өз пікірлерін ашық білдіріп, елдің тұрақты болашағын қалыптастыруға өз үлестерін қосуға дайын.