Павлодар ауданының оқушылары жазғы лагерьлерге жолдама алды
Сертификаттар Кемеңгер орта мектебінде аудан әкімімен табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудандық білім беру басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 15 наурыз күні «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен жалпы білім беретін мектептерге жазғы лагерьлерде балалардың демалысына сертификаттар табыстай отырып, әлеуметтік жақсылық марафонын іске қосты.
– Бұл күн кездейсоқ таңдалмады, Наурызды мерекелеу тұжырымдамасына сәйкес бұл күн «Қайырымдық» деп аталып, қайырымдылық, мейірімділік және бейбіт көршілік тақырыбына арналды, – делінген хабарламада.
Кемеңгер орта мектебінде аудан әкімі Николай Дычконың қатысуымен мектеп директорларына жазғы лагерьлерде балалар демалысына арналған сертификаттарды салтанатты түрде тапсыру өтті.
– Аудандық, қалалық, облыстық және республикалық олимпиадалардың, жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар конкурстарының, шығармашылық конкурстар мен спорттық жарыстардың жүлдегерлері, жеңімпаздары қатарынан ауданның 85 оқушысы сауықтыру демалысына жолдама алды, – деп атап өтті баспасөз қызметі.
Сертификаттарды тапсырғаннан кейін қонақтарға аудандық Балалар өнер мектебінің оқушылары мен Кемеңгер орта мектебінің оқушылары дайындаған мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Айта кетейік, өткен жылы «Қазақстан халқына» Қоғамдық қорының қаржылай қолдауымен 19754 оқушы жазғы демалысты жаңа эмоциялармен, білім мен тәжірибе алып, сондай-ақ жаңа достармен керемет уақыт өткізді. Павлодар ауданындағы мектептердің 45 оқушысы бұл балалардың қатарында болды.