Павлодар облысының үздік өлкетанушысы туристерге Қоңыр әулиенің құпиясын ашады

Павлодар облысының үздік өлкетанушысы туристерге Қоңыр әулиенің құпиясын ашады
Фото: Константин Шелков

Баянауыл азаматы туған жерінің қасиеті мен тарихын бес саусағындай біледі, дейді @Рavlodarnews.kz тілшісі.

Алтынбек Құрманов бала кезінен жасы үлкен ақсақалдар әңгімесіне құлақ түріп, өз өлкесі туралы баға жетпес тарихи мұраларды жадында сақтап жүр. 

Өлкетанушы «Баянауыл» ұлттық-табиғи парк аумағындағы туристік соқпақтарды аралаған демалушылар мен шет елдік қонақтарға атадан қалған аңыз-әңгімелерін жеткізеді. 

- Қазақ ғылымы мен өнеріне еңбегі сіңген тұлғалар дүниеге келген Баянауыл елінің тарихын өскелең ұрпақтың жадына сіңіріп, келген қонақтардың бұл жер туралы мағлұмат алып қайтуы туған жеріме деген құрметім іспетті. Жаз айында мыңдаған турист Баянауылдың тарихын біледі. Мен демалушылар тарапынан Баянауылды «ұлылардың мекені» деген ой-пікірлерін жиі естіп, еңбегімнің бос емес екеніне көз жеткізіп алатыным бар, -  дейді өлкетанушы.

Жаз айында өлкетанушы Жасыбай көлінен 15 шақырым қашықтықта орналасқан Қоңыр әулие шатқалында жұмыс істейді. Маусым айының басынан қоңыр күздің аяғына дейін қасиетті үңгірдің жанынан табылады. Келушілерге қасиетті жердің тарихы, аңыздары туралы айтып, саяхат ұйымдастырады.

-  Қоңыр әулие шатқалына күннің ыстық-суығына қарамастан тәулігіне  600-700- ден астам демалушы келеді. Олардың барлығы бұл жердің тарихы мен аңызына құлақ түріп, ғылыми әрі рухани азық алып кетеді. Қызығушылық зор. Мені осы жайт қуантады. Ойлары мен алғыстарын үңгірдің ішіндегі дәптерге жазып кетеді, - дейді Алтынбек аға.

Алтынбек Құрмановтың еңбегі ел деңгейінде бағаланған. Ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен, "Қазақстан Республикасының үздік өлкетанушысы", «Туризм саласының үздігі» атақтарымен және «Елім-ай» сыйлығының лауреаты атанған. Бұл марапаттар оның өз ісінің нағыз шебері екенін айқын дәлелдейді.

Айта кетейік, Баянауыл ауданында туристік кезеңге дайындық қызу. Қазіргі уақытта көл жағаларын абаттандыру, визит-орталық салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өңірде жеті лицензияланған туроператор жұмыс істейді, сонымен қатар 44 туристік маршрут пен соқпақ бар. Біркүндік Сабындыкөл бағыты мен Жасыбай демалыс аймағы негізгі туристік маршруттар тізіміне енгізілген. Көрікті жерлердің қатарындағы Қоңыр әулие үңгірі сұранысқа ие бағыттардың қатарында.

Жанқозы Жұмат

Фото: автор