Павлодар облысының әкімі: Баянауылдан басқа да туристік аймақтарды дамыту қажет
Туризм саласындағы инвестициялық жоспар 98 пайызға орындалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының м.а Сағыныш Нүркімбаев мәлімдеді.
– Биыл туристер саны 200 мың адамнан асты. Ал 2023 жылдың сегіз айында салаға инвестициялар көлемі 13 миллиард теңгені құрады, яғни жоспар 98,4% орындалған, – деді Сағыныш Нүркімбаев.
Бұл ретте, инвестициялардың жалпы көлемі шамамен бес миллиард теңгені құрайтын 18 жоба іске асырылу сатысында тұр, оның шеңберінде 120 жаңа тұрақты жұмыс орнын құру жоспарлануда
– Облыста туристік саланы дамытудың өңірлік бағдарламасы бекітілді. Келесі жылы жалпы сомасы 4,5 миллиард теңгеге тоғыз жобаны іске асыру жоспарланған, – деп толықтырды спикер.
Оның сөзінше, туризм саласындағы мемлекеттік қолдау шараларын арттыру көзделген. Атап айтқанда, жол бойындағы сервис және туристік қызмет объектілерін салу, автобустар сатып алу жөніндегі шығындарды өтеу.
– Кемінде бес инвестициялық жобаны іске асыруға қолдау көрсетіп, туристік саладағы жұмыс орындарының санын көбейту қажет, – деді Сағыныш Нүркімбаев.
Өңірде негізгі туристік бағыттар Баянауыл курорттық аймағы және Павлодар қаласы болып табылады. Алайда облыс әкімі Асайын Байхановтың пікірінше, басқа да туристік аймақтарды дамытуды қолға алу қажет.
– Туризм дамыту мәселесін кешенді қарастыру қажет екені белгілі. Тек қана Баянауылға ғана назар аударып қоймай, басқа да аймақтарымыз қалып қоймауы тиіс. Сол мүмкіндіктерді де дамыту керек. Мысалы, Мойылды, Тұзқала аумақтары жақсы дамып келе жатыр. Ол жерлердегі инфрақұрылым мен жалпы туристік потенциалды ұлғайту сіздердің жұмыстарыңыз, – деді аймақ басышысы.
Асайын Байханов басқармаға алдағы жылға арналған перспективті әрі ауқымды инвестиция бойынша нақты жобаларының іске асыру үшін жол картасын дайындауды тапсырды. Бұған 10 күн мерзім уақыт берді.