Баянауылдың «Мырзашоқысы» маусымды ашты: павлодарлықтарды не күтеді?

Баянауылдың «Мырзашоқысы» маусымды ашты: павлодарлықтарды не күтеді?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Базаның басты ерекшелігі – жергілікті тұрғындар үшін қолжетімділігі мен бір күндік белсенді демалысқа қолайлылығы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Туризм жəне спорт министрлігінің мәліметінше, қысқы маусымның басталуымен тау шаңғы курорттарында демалуға деген қызығушылық арта түседі. Бүгінде еліміздің әртүрлі өңірлерінде 13 ірі орын жұмыс істесе, соның ішінде Павлодар облысы, Қаражар ауылының маңында орналасқан «Мырзашоқы» тау шаңғысы базасы ерекше орын алады.

– Мұнда ұзындығы 960 метр болатын шаңғы трассалары мен заманауи аспалы жол демалушыларға қызмет көрсетеді. Базада шаңғы мен сноубордтан бөлек, тюбинг тебуге, қарда жүретін көліктермен серуендеуге және таза ауада қысқы пикниктер ұйымдастыруға барлық жағдай жасалған, – деді министрліктің баспасөз қызметі.

Базада қону мүмкіндігі қарастырылмаған, бұл «Мырзашоқыны» демалыс күндері бір күндік отбасылық сапарлар үшін таптырмас бағытқа айналдырды.

Еліміздің өзге өңірлері де қысқы туризмді белсенді дамытуда. Алматы маңындағы әлемге әйгілі Shymbulak және Pioneer, Алматы облысындағы Oi-Qaragai мен «Ақ Бұлақ» курорттары жоғары сервисімен танымал. Ақмола облысында Бурабай мен Зеренді бағытындағы Orman Ski Resort пен Elikti Park жұмыс істеп тұр. Шығыс Қазақстанда «Алтай Альпісі» мен «Нұртау», ал Риддер маңында Stardust Camp пен «Эдельвейс» базалары спорт сүйер қауымды қабылдауда. Түркістан облысындағы «Алатау» кешені де оңтүстік қысының көркін қыздырып тұр.

Айта кетейік, сапалы демалысты қамтамасыз ету мақсатында ҚР Туризм және спорт министрлігі жергілікті атқарушы органдарға қысқы туризм саласындағы ұлттық стандарттар тізбесін жолдады. Осыған орай, қысқы маусым кезінде уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, профилактикалық іс-шаралар мен көшпелі мониторингтік тексерулер жүргізу жоспарлануда.

Тексеру барысында тау шаңғысы трассалары мен аспалы жолдардың жағдайы, қауіпсіздік шаралары мен санитарлық талаптардың сақталуы, сондай-ақ туристік инфрақұрылымның ұлттық стандарттарға сәйкестігі бағаланады.