Павлодар энергетиктері Мәскеуде біліктілігін арттырды
Релелік қорғаныс мамандары кәсіби байқауда тәжірибе жинады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының 3-ЖЭО және «ПЭТК» АҚ релелік қорғаныс және автоматика мамандары Мәскеу энергетика институтының базасында өткен кәсіби байқаумен біріктірілген біліктілікті арттыру курсына қатысты. Бірнеше күн ішінде қатысушылар теориялық білімдерін тереңдетіп, нақты өндірістік жағдайларға барынша жақын ортада практикалық дағдыларын сынады.
– Бұл жай ғана оқу емес, байқаумен ұштастырылған кешенді бағдарлама болды. Теориялық бөлім нормативтік-техникалық база бойынша тестілеуді, ал практикалық бөлім қазіргі энергетика саласында қолданылып жүрген жабдықтармен жұмыс істеуді қамтыды, – деп атап өтті «ПЭТК» АҚ автоматтандыру, метрология және өлшеу жүйелері басқармасының бастығы Александр Кислов.
Байқау төрт кезеңнен құралды. Бірінші кезең – заңнама, техникалық нормалар және еңбекті қорғау мәселелері бойынша тестілеу болды. Одан кейін қатысушылар ЭПЗ-1636 типті 110-220 кВ желілерді қашықтықтан қорғауды тексеру бойынша жұмыс атқарды. Үшінші кезеңде РЕТОМ сериялы релелік қорғаныс параметрлерін өлшеу құрылғысын пайдаланып, ток трансформаторларын тексеру жүзеге асырылды. Соңғы кезеңде арнайы дайындалған адамдардың қатысуымен зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету дағдылары тексерілді.
– Ерекшелігі – жағдайлардың тосындылығында болды. Кабинетке кірген бойда-ақ «жарақаттың» сипатын анықтап, қауіпті факторларды жойып, әрекет ету қажет болды. Назарды бөлетін фактор ретінде «зардап шеккен» адамдардың үрейленуі қосылды. Бұл бір сәтте қалыпты алгоритмнен жаңылтып, шынайы дағдыларды тексереді, сондай-ақ осындай жағдайларда салқынқанды болуды және күйзеліс кезінде төзімділікке үйретеді, – деп еске алды Александр Кислов.
3-ЖЭО Электртехникалық зертханасының бастығы Владимир Серяков бұл шараның энергетиктер үшін кәсіби өсудің маңызды кезеңі болғанын айтты.
– Жұмыс тәжірибеміздің мол болуына қарамастан, әр кезеңде жаңа ақпарат алдық. Қашықтықтан қорғау бойынша біздің станцияда қазір қолданылмайтын жабдықтың ерекшеліктерімен қайта таныстық. ток трансформаторларын тексеру бойынша өндірушінің ұсынымдарын алдық. Ал алғашқы көмек көрсету тәжірибесі стресс жағдайында тұрақты жаттығудың қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетті, – деді ол.
Байқауға Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген мамандар қатысты. Қазылар алқасының құрамына тәжірибелі энергетиктер, инженерлер және алғашқы медициналық жәрдем кезеңін басқарған медициналық қызметкер кірді.