Павлодарда өңірлік IT хабтың кеңістігі арта түседі

Павлодарда өңірлік IT хабтың кеңістігі арта түседі
Фото: ақпараттық технологиялар колледжі

Достық үйінде Мемлекет басшысының Жолдауындағы цифрландыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімдігі цифрлық даму саласын нақты өңірлік жобалар арқылы дамытып жатыр. Мысалы, «Smart City Pavlodar» жобасы – қалалық инфрақұрылымды цифрландыруға бағытталған. «Қауіпсіз қала» жобасы – қоғамдық қауіпсіздікті цифрлық жүйелер арқылы бақылауға мүмкіндік берсе, «Smart Region» тұжырымдамасы – бүкіл облыс аумағында цифрландыруды кешенді жүргізуге негіз. 

Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ағыбай Әміриннің сөзінше, өңірдің экономикалық негізі – өнеркәсіп. Сондықтан, цифрлық дамудың индустриямен байланысы – басты басымдық.

– Облысымыздың өнеркәсіптік әлеуетін ескере отырып, өңір кәсіпорындарына жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізуге ынталандыруды ұсынамыз. Бұл ұсыныс қала зауыттары мен өндірістік кәсіпорындарына жаңа серпін беруі мүмкін. Заманауи құралдар мен ЖИ жүйелерін енгізу еңбек өнімділігін арттырып, өңір экономикасының сапалық дамуына жол ашады, – деп пайымдады Ағыбай Әмірин.

Павлодарда цифрлық кәсіпкерлік пен IT-мамандарын дамыту үшін Pavlodar Hub өңірлік алаңы ашылды. Бұл – Astana Hub технопаркімен тығыз байланыстағы орталық.

– Оның кеңістігін кеңейту, коворкинг аймағын және бірнеше зертханаларды іске қосу жоспарда бар. Hub аясында IT стартаптар, білім беру жобалары және цифрлық өнімдерді әзірлеу белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Бұл орталық өңір жастары мен кәсіпкерлері үшін нақты мүмкіндікке айналмақ, – деді басқарма басшысы.

Өңір энергетикалық әлеуеті ел бойынша жетекші орында. Бұл артықшылық заманауи цифрлық жобаларды орналастыру үшін қолайлы жағдай туғызады. Аймақтың бұл көрсеткіштерін ескере отырып, мемлекет майнинг орталықтарының бірі болу міндетін қойып отыр.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазір Екібастұз қаласында деректерді өңдеу және сақтау орталығының құрылысы басталды. Бұл жоба үлкен көлемдегі деректерді сақтау, талдау және киберқауіпсіздік бойынша ұлттық инфрақұрылымның бір бөлігі болмақ, – деді ол.

Ағыбай Әміриннің сөзінше, IT-саласындағы жетістіктердің негізі – білікті маман. 

– Адами капиталды дамыту бағытында біз қала колледждерімен, «Торайғыров» университетімен және Astana Hub халықаралық технопаркімен белсенді жұмыс істеп келеміз, – деді спикер. – Сонымен қатар, жасанды интеллект, блокчейн, бұлтты технологиялар және цифрлық құқық салаларында кадр дайындау мақсатында арнайы бағдарламалар әзірленуде.

Еске сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында елімізді үш жылдың ішінде толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін нақты атап өтті.