Павлодар облысы мектептерінде Отбасы күні тойланды

Павлодар облысы мектептерінде Отбасы күні тойланды
Фото: Павлодар облыстық білім беру басқармасы

Өңірде 2-8 қыркүйек аралығында Отбасы күнін мерекелеуге арналған апталық өтуде, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Осыған орай облыстың барлық мектептерінде оқушылар ата-аналарымен бірге челлендж, флешмоб, конкурс, көрме, марафондар өткізіп, педагогикалық қолдау орталығында бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылды. Дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназиясының 9-сынып ата-аналары мен оқушылары арасында  «Мықты отбасы - мықты мемлекеттің кепілі» атты іс-шара өтті.  

Отбасы – бұл қоғамның негізі. Баланың болашақта жақсы азамат болып өсуі үшін, жан-жақты тәрбиелі болуы отбасында берілетін тәрбиеге тікелей байланысты. Отбасы берекелі, тату болу үшін сыйластық, мейірімділік, жанашырлық, бауырмалдық қасиеттер әр адамның жүрегінен орын алуы керек. Бүгінгі шарамыздың басты мақсаты – отбасындағы жылы қарым-қатынастардың құндылығын көрсету, оқушылардың бойында өз отбасына деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін, ата-аналарға деген құрметті тәрбиелеу, – дейді мектеп басшысы Салтанат Шабажанова. 

Аталмыш апталыққа байланысты іс-шаралар облыстың әр мектебінде ерекше өткізіліп жатыр. Мысалы, «Саналы ата-ана»,  «Отбасы – аялы алақан мекені», «Екі жұлдыз», «Ұрпақтар сабақтастығы»  атты жарыстар мен эстафеталар, дөңгелек үстелдер өткізу жоспарланып отыр.  

Сонымен қатар 4 қыркүйек күні Павлодар қаласының № 7 жалпы орта білім беру мектебінде  «Саналы ата-ана» тренингі өтті.

Мектеп табалдырығын биыл ғана аттаған бүлдіршіндердің ата-аналарына арналған іс-шара «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы» жобасының бірегей сабақтарының бірі болды.

1-сынып оқушыларының ата-аналары үшін мектеп психологы Жанна Қасымова психологиялық жаттығулар өткізіп, олардың саналы ата-ана болу жолындағы қадамдарын қолдады. Бастауыш сынып мұғалімі Гүлназ Тілеукенова ата-аналарға «Нейропедагогика» жайлы құнды лайфхактар ұсынып, баланың даму мүмкіндіктерін толық пайдалануға бағыт-бағдар берді. 

Ал мектеп басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шыңғыс Молдасапар  ата-аналарға Абай Құнанбаевтың «Толық адам» концепциясын таныстыра отырып, саналы ата-ананың рөлі туралы терең ой қозғады.

Өңірде Отбасы күніне орай өткізіліп отырған іс-шаралар арқылы ата-аналар бала тәрбиесіне сенімді, саналы және жауапты қадамдар жасайды.

Еске сала кетейік, елімізде қыркүйектің әр екінші жексенбісінде Отбасы күні аталып өтеді. Биыл аталған мереке 8 қыркүйекке келеді.