Павлодар облысының оқушылары республикалық «IQanat-2023» олимпиадасына аттанды
Өңір намысын 25 қатысушы қорғайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Астанада өтетін білім додасына жас өрендерді кеше түнде ата-аналары мен ұстаздары сапаржайдан шығарып салып, сәттілік тіледі.
«IQanat» қоғамдық қоры еліміздің ауыл оқушылары арасындағы ең ауқымды офлайн олимпиаданы ауыл балаларына сапалы білімге жол ашу мақсатында ұйымдастыруда. Шараны өткізуге Павлодар облысының білім басқармасы жан-жақты көмек көрсетуде.
– Облыс оқушылары «IQanat-2023» олимпиадасының республикалық кезеңіне аттанды. Бұл кезеңде еліміздің түкпір-түкпірінен келген 800-ден астам оқушы бақ таластырады. IQanat жобасы 5 жыл көлемінде жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында 160-тан астам оқушы жоба арқасында шет елде немесе еліміздің мықты жоғарғы оқу орындарында білім алуға мүмкіндік алды, – дейді IQanat қорының аймақтық үйлестірушісі Сандуғаш Матаева.
Үйлестірушінің айтуынша, олимпиадаға баратын балаларға қор қаражат бөліп, барлық шығынды өздері өтейді.
– Балалардың барып-келуі, тамақтануы, тұратын орны IQanat қоры тарапынан қаржыландырылады. Оқушылар бес күн бойы Назарбев университетінде тұратын болады. Онда түрлі мерекелік іс-шара, жарыстар, фестиваль, тренинг, сайыстар өткізіледі, – дейді Сандуғаш Матаева.
Еліміздің 166 ауданынан 37 мың бала қатаң іріктеуден өтті. Финалға шыққан 824 үміткердің арасынан үздік атану үшін Павлодар облысының 25 ауыл оқушысы бақ сынайды. Олар математика, тарих, география, биология, логика, математикалық сауаттылық бойынша білімдерін саралайды. Республикалық кезең 2023 жылдың 18-22 маусымында өтеді.
IQanat қоры арнайы ауыл мектептерінің оқушылары үшін Қазақстандағы ең ауқымды Iqanat жеке олимпиадасын өткізеді. Олимпиаданың көмегімен Қазақстан мен әлем университеттеріне түсуге үш жылдық тегін дайындыққа финалистерді таңдайды.
Айта кетерлігі, қатысушы жарыстан шыққанына қарамастан білім алу үшін күресуге дайын болса, әрі қарай қолдау көрсетіледі. Осы мақсатта жоғары оқу орындарына түсуге тегін дайындық бағдарламалары бар. Республикалық деңгейге өтпеген облыстық турдың қатысушылары дайындықтарын IQ O бағдарламасы бойынша жалғастыра алады. Ең ынталылар IQ R бағдарламасында жеңіске жетсе, одан әрі «тереңдетілген», IQanat High School of Burabay мектебіне тікелей көпір болып табылатын IQ IP бағдарламасы күтеді.