Павлодардың IT-колледжі рекордтық түлектер легін қанат қақтырды
Облыста 500–ден астам IT-маманы диплом алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласындағы ақпараттық технологиялар колледжі биыл өңірдегі колледждер арасында бұрын-соңды болмаған көрсеткішке қол жеткізді. Естай атындағы мәдениет сарайында өткен салтанатты рәсімде 509 түлекке диплом табысталды. Бұл – колледждің 60 жылға жуық тарихындағы ғана емес, жалпы облыс колледждері арасындағы ең үлкен түлектер легі.
Биылғы түлектер тек саны жағынан ғана емес, жетістіктерімен де ерекшеленді. Олар дипломдарын Қазақстанның үздік IT-колледжінің түлектері ретінде алды. Аталған мәртебе оқу орнына осы оқу жылында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі тарапынан берілген.
Түлектер қатарында WorldSkills Kazakhstan чемпионатының жеңімпаздары, халықаралық тағылымдамалар мен жарыстардың қатысушылары, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар бағытында авторлық жобалар жасаған жастар бар. Солардың бірі – Google компаниясында тағылымдамадан өтуге шақырылған колледж тарихындағы алғашқы студент Даниил Барт. Ал Дарья Мельник Қазақстан құрамасы сапында Шанхайда өтетін WorldSkills әлем чемпионатында ел намысын қорғайды.
Колледж жанынан құрылған жасанды интеллект ғылыми-қолданбалы орталығы да студенттердің кәсіби дамуына ерекше серпін берді. Мұнда жастар өз идеяларын нақты IT-өнімдерге айналдырып, бүгінде 50-ден астам цифрлық шешім әзірлеген.
Сол жобалардың ішіндегі ең ауқымдысы – мектептен тыс іс-шараларға қатысуды бақылайтын жасанды интеллект жүйесі. Қазіргі таңда бұл жүйе Павлодар облысындағы 336 білім беру ұйымында енгізілген. Сонымен қатар, колледжде студенттер әзірлеген Telegram-бот, биометриялық кіру жүйесі және жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін сабақ кестесі жүйесі табысты қолданылып келеді.
Оқу орны халықаралық деңгейдегі жетістіктерімен де мақтана алады. Биыл алғаш рет 15 түлек халықаралық City & Guilds сертификатына ие болып, кәсіби біліктілігін әлемдік деңгейде растады. Бұл құжат әлемнің 120-дан астам елінде мойындалады.
– Колледжде алған білімнің сапасы түлектердің еңбек нарығындағы сұранысынан да көрінеді. Биылғы түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 80 пайыздан асты. Олар IT-компанияларда, мемлекеттік органдарда, қаржы секторында және жаңа технологиялық өндірістерде еңбек етуде. Оның ішінде Қазақстан мен Кореяның бірлескен дрон шығаратын кәсіпорнына жұмысқа орналасқандар да бар, - делінген хабарламада.
Бүгінгі түлектер – жасанды интеллектті болашақтың технологиясы емес, күнделікті жұмыс құралы ретінде қолданатын жаңа буын мамандар. Олар елімізде жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы міндеттерді жүзеге асырып, Қазақстанның цифрлық экономикасының дамуына үлес қосуға дайын.
Салтанатты рәсім барысында тағы бір ерекше оқиға орын алды. Ақпараттық технологиялар колледжінің оқытушысы Даурен Тәшімовке теңіз жағалауына демалыс жолдамасы табысталды. Бұл сыйлық оның оқу орнының дамуына және болашақ IT-мамандарды даярлауға қосқан үлесін бағалаудың белгісі болды.
Даурен Тәшімов бес жылдан астам уақыт бойы колледжде еңбек етіп келеді. Оның жетекшілігімен студенттер республикалық және өңірлік кәсіби шеберлік чемпионаттарында бірнеше мәрте жеңімпаз атанды. Сонымен қатар ол колледжде енгізілген жасанды интеллект негізіндегі автоматтандырылған сабақ кестесі жүйесін әзірлеушілердің бірі саналады.
Оқытушының қызметіндегі тағы бір маңызды бағыт – инклюзивті білім беруді дамыту. Ол оқу орнында кедергісіз орта қалыптастыру жұмыстарына белсенді қатысып, ғимараттың ерекше қажеттілігі бар студенттер үшін қолжетімді болуына үлес қосты.
Бүгінде Ақпараттық технологиялар колледжі тек сапалы білім беретін оқу орны ғана емес, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект бағытындағы инновациялық орталыққа айналып отыр. Ал оның рекордтық 509 түлегі өңірдің ғана емес, еліміздің цифрлық болашағын қалыптастыратын жаңа буын мамандар ретінде үлкен өмірге жолдама алды.