Павлодар облысында ормандарға бақылау камералары орнатылады

Павлодар облысында ормандарға бақылау камералары орнатылады
Фото: ӨКҚ

Мұндай камералар орман өртінің алдын алу мақсатында қойылмақ, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Тулепбаев мәлім етті.

–  Биыл өртті ерте анықтау үшін Шарбақты ауданындағы «Ертіс орманы» орман резерватының аумағында смарт-камера деп аталатын оптикалық сенсорлық және тепловизор қондырғыларын енгізу жоспарланған. 30 метр биіктікте орналастырылатын бұл камералар 360 градусқа дейін айнала алады және тәулік бойы жұмыс істейді, – деді Руслан Тулепбаев.

Оның сөзінше, мұндай камералар тұтану көздерін автоматты түрде анықтауға, олардың пайда болу орындарын анықтауға, қажетті техника мен күшті жеткізуде ыңғайлы маршруттарды құруға мүмкіндік береді. 

– Республикалық бюджеттен орман өртін ерте анықтау жүйесін орнатуға – 2,4 млрд теңге, Баянауыл ұлттық табиғи паркінің қорықтарын материалдық-техникалық жарақтандыруға 1,5 млрд бөлінген, – дейді спикер. 

Айта кетейік,  сонымен қатар облыс әкімдігінің қарамағындағы үш орман мекемесін материалдық-техникалық жарақтандыруға облыстық бюджеттен шамамен 330 млн теңге бөлінген. Бұл –   Павлодар, Үрлітүп, Максим Горький атындағы орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелері.