Павлодар облысына келген медициналық пойыз ауыл тұрғындарын қабылдауды бастады

Павлодар облысына келген медициналық пойыз ауыл тұрғындарын қабылдауды бастады
Фото: Есенжол Исабек

Денсаулық пойызы аймақтағы бірінші станцияға 13 маусымда аялдаған болатын. Өңірдің шалғайдағы елді мекендері бойынша ол айдың соңына дейін жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Денсаулық пойызы арнайы медициналық кабинеттері жоқ жерлерге барады. Павлодар облысында құрамның алғашқы аялдамасы Шақат станциясы болды. Жергілікті тұрғындардың пікірінше, медициналық пойыз бригадасының арқасында олар уақытты үнемдейді. Әдетте шақаттықтар тексерістен өту үшін 30 шақырымды артқа тастап, облыс орталығына келетін.  

- Бізде емхана мен аурухана жоқ. Тек фельдшерлік-акушерлік пункт бар. Мамандардың ішінде тек педиатр, терапевт және екі медбике бар. Зертханалар да жоқ. Біз барлық талдауларды қалаға барып тапсырамыз. Кейде ақылы емханаларға жүгінуге тура келеді, - дейді Шақат тұрғындары.

Ауыл тұрғындары сирек кездесетін 13  маманнан тегін және жолдамасыз кеңес алуда. Оның ішінде невропатолог, көз дәрігері, хирург, уролог, акушер-гинеколог, рентгенолог, тіс дәрігері бар.

Пойыз мамандарының айтуынша, тек шалғайдағы ауыл тұрғындарына кеңес беріледі. Өйткені оларға сапалы медициналық көмек алу қиынырақ. Дәрігерлердің міндеті алғашқы диагноз қою және қажет болған жағдайда қосымша тексеруге жолдама беру.

- Біздің дәрігерлердің 80%-ы Астанадан болса, қалғандары алматылық дәрігерлер. Олардың басым бөлігі пойыз құрамында 2019 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан елордалық "Панацей" қызметкерлері, - деді денсаулық пойызының бас дәрігері Айнұр Егімбаева.

Пойыз сегіз вагоннан тұрады. Олардың төртеуінде дәрігерлер қызмет етсе, екеуі ақ желеңділердің түнейтін тұрғын үйлері, ал біреуі мейрамхана. Сондай-ақ душ пен кір жуатын орын да бар.

Медициналық пойыздар тарихында алғаш рет пациенттерге Мемлекеттік әлеуметтік қолдауды қалай алуға болатыны туралы тегін кеңес берілуде. Бұл үшін ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық істер жөніндегі ұлттық комиссияның заңгерлері мен медиаторлары жауап береді.

- Білімге, мұраға, мүлікті бөлуге қатысты көптеген сұрақтар мен шағымдар келіп түседі. Біз бірден шешім қабылдаймыз. Әкімдерді, басшыларды және бас дәрігерлерді шақырып, мәселені сол жерде шешуге тырысамыз, - деді жоба медиаторы.

Денсаулық пойызы 26 сәуірде Қазақстан бойынша жолға шығып, акцияны 6 желтоқсанда аяқтайды. Барлық облыстарды аралау жоспарлануда. Денсаулық пойызы бас-аяғы 121 станцияға тоқтайды. 

Ал Павлодар облысында дәрігерлер 23 маусымға дейін болады. Айдың соңына дейін дәрігерлер Красноармейка, Спутник, Тасқұдық, Майқайын, Бозшакөл станцияларына барады.