Павлодарлық оқушыларға қандай медициналық көмек көрсетіледі?

Павлодарлық оқушыларға қандай медициналық көмек көрсетіледі?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жаңа оқу жылы басталғалы ата-аналар тарапынан сұрақтар көбейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, оқушылар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде автоматты түрде сақтандырылған, себебі олардың жарналарын мемлекет төлейді. Сондықтан балалар кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында да, МӘМС пакеті шеңберінде де барлық қажетті қызметтерді ала алады.

Қолжетімді қызметтер қатарына мектеп медицинасы, стоматологиялық көмек, дәрігерлердің консультациялары, зертханалық талдаулар, құрал-жабдықтық диагностика (УДЗ, рентген, КТ, МРТ және тағы басқалары), күндізгі және тәулік бойғы стационар, оңалту қызметтері, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету (ауру түрлерінің тізбесі бойынша), жоғары технологиялық медициналық көмек кіреді, – делінген хабарламада.

Мамандар атап өткендей, мектеп медицинасы – мектептерде және мектепке дейінгі ұйымдарда көрсетілетін кешенді медициналық көмек. Оның аясында балалардың денсаулығын қорғау, аурулардың алдын алу, дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салтын насихаттау, психикалық және репродуктивті денсаулықты сақтау, суицид пен тәуелділіктің алдын алу шаралары қарастырылған. Сонымен бірге, оқушылар ұлттық күнтізбеге сәйкес вакцинациядан өтеді және қажет болған жағдайда терең медициналық тексеруге жіберіледі.

Мектеп медицинасы қызметін балалар тіркелген емхана қамтамасыз етеді. Оқу жылы барысында мектептегі медициналық пункттер арқылы оқушыларға медициналық бақылау жасалып, уақытылы көмек көрсетіледі.

– Кейде ата-аналардан балаларының рұқсатсыз басқа медициналық ұйымға тіркеліп қойғаны туралы шағымдар түседі. Мұндай пікірдің тууына себеп – жүйеде баланың басқа емханадан қызмет алғаны туралы ақпараттың көрінуі. Алайда іс жүзінде ол қызметті баланың оқып жатқан мектебіне бекітілген емхана көрсеткен, – деп түсіндірді ӘМСҚ басқарма төрағасының орынбасары Индира Саркенова.

Қор өкілдерінің айтуынша, кейбір қызметтер туралы ақпарат жүйеде бірден көрінбеуі мүмкін. Мәселен, баланың жасына байланысты скрининг нәтижелері туған күнінен кейін ғана енгізіледі.