Павлодарлық сарапшылар Құрылтай сайлауының қорытындысын талқылады
Кездесуде азаматтық белсенділік пен жастардың саяси мәдениетіне ерекше назар аударылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Марғұлан университетінің мәліметінше, оқу орнында 23 тамызда өткен Құрылтай сайлауының қорытындысына арналған сарапшылар жиыны өтті.
Кездесуде сайлау нәтижелері, қоғамдық-саяси үдерістердің негізгі бағыттары мен жаңа Конституцияның рөлі талқыланды. Жиынға университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен сарапшылары қатысты.

«Құқық, тарих және кәсіпкерлік» білім беру бағдарламасының жетекшісі Нұрболат Алпысбайұлы сайлаудың негізгі қорытындыларына тоқталып, науқан барысында байқалған қоғамдық-саяси үрдістерге талдау жасады.
Талқылауға «Тарих» білім беру бағдарламасының жетекшісі Бауыржан Абдрахманов, философия ғылымдарының докторы Қайырғали Нигметжанов және философия докторы Арман Ахметов қатысты. Сарапшылар жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруда педагогикалық жоғары оқу орындарының рөліне назар аударды.

– Біз, педагогтер, болып жатқан саяси үдерістерді дұрыс түсіндіріп, объективті түрде жеткізе білуіміз керек. Мен студенттеріме үнемі: сайлауға қатысыңыздар, өз ұстанымдарыңызды білдіріңіздер – қолдасаңыздар да, қарсы болсаңыздар да, бейжай қалмаңыздар деп айтамын, – деді Арман Ахметов.
Жиын қорытындысында жастардың қоғамдық-саяси үдерістерді саралауына көмектесу, азаматтық жауапкершілігі мен саяси сауаттылығын арттыру университет жұмысының маңызды бағыттарының бірі екені айтылды.