Павлодар облысында қайырымдылыққа қатысты қанша бағдарлама жүзеге асты?

Павлодар облысында қайырымдылыққа қатысты қанша бағдарлама жүзеге асты?
Фото: автор

Форумда қоғамды дамыту бастамалары мен әлеуметтік жобалар талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«Достық үйінде» өткен «Адал азамат – әділетті қоғам тірегі» атты өңірлік азаматтық туралы форумда өңір тұрғындары, белсенділері, ҮЕҰ өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен білім беру ұйымдарының жетекшілері қатысты. 

Форум барысында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларын үйлестіру және донорлармен өзара іс-қимыл орталығының басшысы Шыңғыс Шәріпов сөз сөйледі. 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен құрылған «Қазақстан халқына» қорының атынан форумның жұмысына сәттілік тілей отырып Павлодар облысына қатысты бірнеше деректерді атап өтті.  

– «Адал азамат» тақырыбы біз үшін ерекше маңызды. Себебі адалдық ұғымы айқындық пен ашықтық қағидаттарымен тығыз байланысты. Біз қор қызметінде дәл осы принциптерді басшылыққа аламыз. Соңғы үш жылда Павлодар облысына 8,5 миллиард теңге көлемінде қайырымдылық көмегі көрсетіліп, 20 бағдарлама жүзеге асқан. Қор жалпы 108 жобаны бекіткен, оның 30-ға жуығы – республикалық деңгейде, – деді ол.

Жобалардың негізгі бағыттардың бірі – әлеуметтік қолдау және оңалту. Қор аутизммен ауыратын балаларға арналған орталықтар мен оңалту орталықтарын іске асырып отыр. Бұл бастамалар «Қамқорлық» қорының серіктестігімен жүзеге асырылып, халыққа нақты көмек көрсетуде.

Шарада білім беру саласындағы жобаларға да ерекше назар аударылды. Қор тірек мектептердің әлеуетін арттыруға 2 миллиард теңге бөлген. Қазіргі таңда Павлодар облысының 7 ауданындағы және Екібастұз қаласындағы 8 мектепке шамамен 240 миллион теңгеден қаржы бөлініп, кабинеттер заманауи жабдықтармен қамтылуда.

– Бұл жобаның серіктесі – Назарбаев Зияткерлік мектептері. Олар әдістемелік қолдау көрсетіп отыр. 2025 жылы қалған 3 аудан мен Ақсу қаласы да қамтылып, облыстың барлық өңірінде тірек мектептері ашылады, – деді Шыңғыс Шәріпов.

Форум азаматтық қоғам институттарының рөлін арттырумен қатар, өңірдің әлеуметтік дамуына серпін беретін жаңа мүмкіндіктерді айқындады. Қатысушылардың пікірінше, мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ-дардың ынтымақтастығы халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты нәтижелерге жеткізеді.