Павлодар облысында 130-дан астам бала жолда зардап шеккен
Биыл жыл басынан бері облыс жолдарында балалардың қатысуымен 124 жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, салдарынан екі бала қаза тауып, 135-і зардап шеккен.
– Баланың денсаулығын сақтау – әр ата-ананың міндеті. Әрбір статистиканың артында біреудің мүгедек болып қалуы немесе денсаулығына зиян келуі сияқты оқиғалар тұрады. Әрбір ата-ана үшін баланың денсаулығы басты құндылық болып табылады. Қабылданған шаралар арқылы балаларымызды жол-көлік және жазатайым оқиғалардан құтқаруға болады деген сенімдеміз, – деп атап өтті Павлодар облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Қуаныш Мұстафинов.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған апаттың негізгі себебі көшенің белгісіз жерінде, жақын келе жатқан көліктің алдында және бағдаршамның қызыл сигналына жүру болып табылады.