Ақсуда мектептегі жанжалдан соң директор жұмыстан босатылды
Мектеп директорының орнына басқа маман тағайындалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Еңбек ауылындағы білім ордасының басшысы ҚР Білім министрінің жауабынан кейін үш ай өткен соң қызметінен босатылды.
Өткен жылдың қараша айында директорға жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын бұзу туралы хабарлама берілген. Оған қызметтік міндеттерін дұрыс орындамағаны себеп болды. Еңбек кодексінің нормалары бойынша директор 3 желтоқсанда қызметінен босатылуы тиіс болатын. Бірақ жұмыстан шығарылғаннан кейін қалалық білім бөлімі ҚР Еңбек кодексінің бір тармақшасын бұзғандықтан, мектеп басшысы қызметіне қайта алынып, кейін еңбек демалысына кеткен.
Алайда мектеп басшылығы өздігінен жұмыстан кетуге арыз жазған.
– Еңбек ауылындағы мектеп директорының міндетін атқарушы болып директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған Раиса Темірболатова тағайындалды, – деді Ақсу қалалық білім бөлімінде. – Барлық конкурстық процедуралардан кейін тағайындау кейінірек болады.
Еске сала кетейік, жасөспірімнің анасының министрге жүгінуіне қыз бала мен дене шынықтыру пәнінің мұғалімі арасындағы жанжал түрткі болған. Мұғалім оқушы қызды әдепсіз әрекет етті деп айыптаған. Қыздың мінез-құлқы педагогикалық ұжымның талқысына түсіп, анасына қызының құжаттарын мектептен алу міндеттелді. Бұл шешіммен келіспеген ана кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғау бөліміне, Ақсу қалалық білім бөліміне және «Ашық диалог» порталына министрге жүгінген.
Министр өз жауабында айтылған фактілердің кейбірі расталғанын атап өтті. Бірақ мектеп директоры өз орнын сақтап қалған. Оқушының анасы болса, бұл шешіммен келіспей, министрге тағы да үндеу жазды. Ақсу қаласының білім бөлімінде директор еңбек демалысынан кейін өз еркімен жұмыстан шығатыны туралы хабарлаған болатын.