Павлодар облысында 300-ден астам дәрігердің бос орны бар
Өкінішке қарай, бүгінде павлодарлықтар дәрігерлердің қабылдауын бір ай күтуі керек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында емханалардағы ұзын-сонар кезек мәселесі сөз болды.
Журналистер денсаулық сақтау басқармасының өкілінен тар мамандардың қабылдауында болу үшін неге бір айдан астам уақыт күтуге тура келетінін сұрады.
– Біз бұл мәселе туралы білеміз, - деп жауап берді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышева. - Облыстағы қалалар мен ауылдарға 342 дәрігер қажет. Бейінді мамандар ғана емес, жалпы тәжірибелік дәрігерлердің де жетіспеушілігі бар.
Ол ведомство басшылығы басқа өңірлердің медициналық академияларына үнемі барып, мамандарды облыс клиникаларына шақыратынын айтты.
– Біз олармен бес жылға шарт жасаймыз. Бірте-бірте кадрлар мәселесін шешеміз, - деп сендірді Айгүл Мұқышева.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау басқармасында жас дәрігерлерге арналған тұрғын үй мәселесі шешіліп жатқаны да белгілі болды.