Жылулықпен қарайды: Павлодарлық панажайда иесіз иттерге қандай күтім жасалады?

Жылулықпен қарайды: Павлодарлық панажайда иесіз иттерге қандай күтім жасалады?
Фото: Ольга Бугаева

@Pavlodarnews.kz тілшісі далада ауланған төрт аяқты жануарлар уақытша ұстау изоляторында қанша күн болатынын және оларды қалай күтіп ұстайтынын анықтап білді.

Облыс орталығында 300 итке арналған уақытша ұстау пунктінің құрылысы 2023 жылы басталды. Панажайдың ресми ашылуы бір жылға ұзарып, нәтижесінде 2024 жылы 20 сәуірде ашылды.


Пунктте алты қызметкер еңбек етеді: төртеуі жануарларды күтіп ұстауға күшін жұмсаса, екі ветеринарлық дәрігер күнделікті кезекшілікке шығып тұрады. Дәрігерлерде ветеринария саласынан жоғары білім бар.

–  Жалпы бір жылғы күтіп ұстауға 52 миллион теңге бөлінді. Бұл – қызметкерлердің жалақысын беру, жем сатып алу, жабдықтарды жаңарту. Жануарларды зарарсыздандыруға 26 миллион теңге, бірдейлендіруге шамамен 17 миллион теңге, – деді облыстық ветеринария басқармасының ветеринария және лицензиялау бөлімінің басшысы Ғалым Бейсенов.


Тұрғындардың шағымы мен өтініші негізінде қаңғыбас иттерді ұстау қызметі қала көшелерінде төрт аяқты жануарды ұстап, панажайға әкеледі. Далада жүрген иттерді ветеринар дәрігері карантиндік бөлмеге анықтайды. Ал карантиннен кейін итті есепке алу үшін чип салғызады. Жануарларға чип салу үшін панажайда ота жасау бөлмесі де бар. Ол жерде иттерді қарап, аурудың бар-жоғы анықталады. Келесі қадам – жем есептеу жүргізу. Қызметкер ұсталған итке қанша жем беру керек екенін санайды. Сосын ит аса қауіпті ауруларға тексеріледі. Егер емделетін ауру табылса, онда ол емделеді, егер ветеринарлық заңға сәйкес емделмейтін ауру болса, жануар ұйықтатылады.

– Содан кейін жануар құтыруға қарсы вакцинацияланады. Оны зарарсыздандырып, жаңа иелерін іздеуге кірісеміз. Егер барлық процедуралар аяқталып, 60 күннен астам уақыт өтсе, онда ит ұсталған аймақтағы табиғи тіршілік ету ортасын шығарылады, – деді Ғалым Бейсенов.


Алайда қазіргі кезде заң тұрғыдан өзгерістер енгізу қарастырылып жатыр. Егер жаңа ережелер қабылданса, онда 15 күн ішінде иесі табылмаған иттерді ұйықтату керек деген міндет қойылады. Бұл қаңғыбас иттердің күтіміне жұмсалатын қаржыны үнемдеуге арналған өзгерістер деп түсіндірілуде.

Өткен жылы 204 итті зарарсыздандырылды, оның ішінде 164-сі табиғи ортаға шығарылды, ал 50-ін жаңа иесіне тапсырдық. Былтыр жұмыстар кеш басталды, себебі осындай мемлекеттік панажай болмады. Сондай-ақ, мердігермен проблемалар шықты, ол жұмысты уақтылы орындамады Алдымен жем сатып алдық, жұмысшыларды таптық. Тек сәуір айында ғана пунктке иттерді әкеле бастады, – деп атап өтті ол.


Сондай-ақ, басында үйшіктер үлкен иттер үшін құрастырылып, орнатылды. Бұл кішкентай күшік пен иттерді ұстауға қиындық туғызды. Ауланған иттер қашып кете беретін. Биыл барлық олқылықтар түзетіліп, қосымша торлар қойылды. Осы себептерге байланысты уақытша ұстау пунктінде бос үйшіктер көп еді. 2025 жылы панажай лық толы деуге келеді. Бүгінде әр үйшікте түрлі тұқымды иттер иелерін күтіп отыр. Жыл басынан 112 ит жаңа иесін тапты. Босатылған иттердің үйшіктері жаңа төрт аяқталарды қарсы алу үшін тазаланып, дизенфекцияланады. Яғни, бұл жағынан санитарлық нормалар ескерілуде.

Ауланған иттердің негізгі бөлігі Павлодар, Ақсу қалаларынан. Басқа жерде әлі уақытша ұстау пункттері салынбаған. Аудандардан, ауылдардан қаңғыбас иттер сирек әкелінеді. Адамдарда шағым болса, біз иесін анықтап, полиция арқылы жазалаймыз және бұған жол бермеу үшін алдын-ала ескертеміз, – деді Ғалым Бейсенов.


Оның сөзінше, уақыша ұстау пунктінде бар иттерде көшеден ұстап алынғандықтан қорқу инстинкті жоқ. Олар адамдармен ойнап, мейірімділік танытып жүгіреді. Қызметкерлер иттерге жақсы қарайды, әр жануармен тіл табысқандай болып, көңілін таба біледі. Күшіктен ересек итті өсірген кейбір жұмыскерлер оларды сыртқа қимастық сезіммен жібереді.

Мұнда көптеген асыл тұқымды иттер кездеседі – неміс овчаркасы, алабай, тазы. Адамдар қартайған, керек емес деп санаған иттерден құтылғысы келіп, далаға тастайды, – деп атап өтті Ғалым Бейсенов.

Төрт аяқты достар үйшіктерде жалықпас үшін панажай аумағында серуендеу алаңы да бар. Сол жерде иттер емін-еркін жүгіріп, секіріп, ойнап жатады. Осындай серуенге бір мезетте 5-7 ит шығарылады. Қоршалған алаңда иттер шөлдеген жағдайда су ішетін ыдыстары тұрады. Жалпы осындай ыдыстар әр үйшікте бар. Олар күніне үш рет тамақтанады.


Бұл ретте ветеринарларға еріктілер көмектесіп жүреді. Олар жанашыр адамдарды тауып, иттерді алып кету үшін ықпал тигізеді.

Осы пунктте бар иттерді фотоға, видеоға түсіріп, басқарманың әлеуметтік желісіне үнемі жариялап отырамыз. Осылайша тұрғындар қалаған итті үйіне алып кетуге мүмкіндігі туады. Иттерді қызметкерлермен келісіп алған күнде, жұмыс кестесі бойынша алуға болады, – деп түсіндірді Ғалым Бейсенов.

Әлеуметтік желі арқылы жануардың «көрсетілімі» арқылы павлодарлық ит Германияға ұшатын болады.

Ақсу еріктілері бізге байланысқа шығып, бірнеше итті Германияға жолдау үшін рұқсат сұрады. Германиядағы қайырымдылық қоры парақшадан иттерімізге қызығып, ішінен өздеріне ұнағанын таңдап, елдеріне алып кету үшін ниет білдірді. Иттерімзді барлық диагностикадан өткізгесін, анықтамалар мен құжаттарды алған соң Германияға шілде айында жіберуді жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті ол.


Иттер қоршаған ортаға қауіпсіз екені расталғаннан кейін шетелге шығатын болады. Айта кету керек иттер асыл тұқымды емес, кәдімгі иттер.


Егер ит алғысы келіп жүрген адамдар қайда жүгінерін білмесе, ондай уақытша ұстау пунктінде әдемі, тәртіпті, қауіпсіз, еш қиындық туғызбайтын иттерді таңдай алады. Ол үшін 8 (771) 580-18-26, 7 (708) 277-31-19 WhatsApp нөмірлеріне жаза алады немесе Instagram желісіндегі @otlov_ovs_pvl парақшасына кіруге болады.