Павлодарда көршілік татулықтың белгісі – ерулік дәстүрі жанданып келеді

Павлодарда көршілік татулықтың белгісі – ерулік дәстүрі жанданып келеді
Фото: Жасанды интеллект

Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде қонақжайлық пен көршілік татулық ерекше орын алған. Әр шаңырақтың берекесін арттыратын, адамдар арасындағы сыйластықты нығайтатын салт-дәстүрлердің ішінде ерулік пен қоныс тойдың жөні бөлек. Соңғы жылдары Павлодар өңірінде осы игі дәстүрлер қайта жанданып, жаңаша мазмұнға ие бола бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл дәстүрлердің ерекшелігі мен бүгінгі қоғамдағы маңызы жайлы «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің қолөнер шебері Ғалия Сұңғатова әңгімелеп берді.

Ғасырлар қойнауынан жеткен ерулік дәстүрі – көшіп келген көршіні дастарқанға шақырып, сый-құрмет көрсету рәсімі. Мұның басты мәні – жаңа қоныстанған жандармен жақын танысып, өзара сыйластықты арттыру.

– Ерулік дегеніміз – көшіп келген көршіні арнайы шақырып, дастарқан жаю дәстүрі. Мұнда бастысы – адамдар арасындағы жақындықты нығайту. Жаңа қоныстанған жандарды шақырып, өз қолыңнан пісірген тағамнан ауыз тигізу, шағын сыйлық ұсыну дәстүрге айналған. Оның мәні – «дәм-тұзымыз жалғассын, алыстасақ та сыйластығымыз үзілмесін» деген ниет, – дейді Ғалия Сұңғатова.

Ерулікке барған көршілер де құр қол бармайды. Әркім өз мүмкіндігіне қарай тарту-таралғысын алып барып, жылы лебізін білдіреді. Бұл – қазақ қоғамындағы өзара жанашырлықтың, татулықтың жарқын көрінісі.

Ерулік – тек дастарқан жайып, ас ішу рәсімі емес. Ол – жаңа қоныстанған көршіні қоғамға бейімдеу, оны ортаға қабылдау, бірлік пен татулыққа бастайтын әлеуметтік институт болған.

Қазақ үшін жаңа үйге көшу – үлкен оқиға. Ол – шаңырақ көтерумен тең қуаныш. Бұл сәтті ел болып атап өту, қоныс той жасау – ежелден жалғасып келе жатқан дәстүр.

– Қоныс той кезінде үйдің босағасын майлайды, шашу шашады. Оның мәні – шаңырақтың берекесі мол болсын, отбасы мүшелерінің несібесі көбейсін деген тілек. Жастар төсек-орын апарып, «бастарыңыз көбейсін» десе, апалар табақ көтеріп, «қонағыңыз көп болсын» деп ырымдайды. Ал келіндер қоржын сыйға тартады. Қоржын – бірліктің, татулықтың белгісі. Оның ішіндегі заттарды бөлісу арқылы адамдар «бірлікте болайық» деген ниетін білдірген, – дейді Ғалия Сұңғатова.

Кей деректерде қоныс тойында ауылдың үлкендері жаңа үйге бірінші болып кіріп, бата берген. Бұл шаңырақ иесіне қолдау көрсету, жаңа өміріне береке тілеу дегенді білдірген.

Бұрындары дәулетті азаматтар жаңа қоныс иесіне төрт түлік мал сыйлаған. Бұл – «несібең көбейсін, мәртебең артсын» деген ырым. Қолөнершілер болса, киізден сырмақ, бау-шу, төсеніштер жасап тарту еткен екен. Қазіргі таңда заман талабына сай тұрмыстық техника, көрпе-жастық, ыдыс-аяқ апару дәстүрге айналып отыр.

Ғалия Сұңғатова атап өткендей, бұл дәстүрлердің барлығының түпкі мақсаты – адамдарды жақындастыру, ынтымақты арттыру.

– Қазақ ешқашан арзан дүниені сыйламаған, керісінше ең қымбатын, ең жақсысын тарту еткен. Өйткені «бергенің өзіңе қайтады» деген түсінік бар. Сондықтан ерулік те, қоныс той да адамдарды жақындастырады, татулық пен туыстықты арттырады. Әрбір адам жақсы тілегімен, ықыласымен келеді. Бұл дәстүрлер қазіргі қоғамда да өз мәнін жоймайды, – дейді ол.

Бүгінде Павлодар өңірінде көршілер арасындағы ерулік беру дәстүрі көпқабатты үйлердің тұрғындары арасында да қайтадан орын алып жүр. Жаңа пәтерге қоныстанған жанды көршілері құттықтап, шағын дастарқан жаюы немесе тәтті сыйлауы қалыпты жағдайға айналуда. Бұл – қазақтың байырғы дәстүрлерінің заманға сай бейімделіп, жаңа мазмұнға ие болғанының айғағы.

Қазақтың ұмыт бола бастаған дәстүрлері қайта жанданып, қоғамдағы бірлікті нығайтып отыр. Ерулік беру мен қоныс той жасау – соның айқын дәлелі.