Павлодарлық дәрігерлер денсаулықты сақтаудың ең қарапайым жолын еске салды
Павлодар облыстық перинаталдық орталығында Дүниежүзілік қол гигиенасы күніне арналған іс-шара өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шара Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Әрекет өмірді сақтайды» ұраны аясында ұйымдастырылды.

Іс-шараға орталықтың медицина қызметкерлері қатысты. Құттықтау сөз сөйлеген орталық директоры Гүлнар Буратаева қол гигиенасының пациенттер мен қызметкерлер қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті.
- Таза қол — бұл жай ғана талап емес, инфекциялардың алдын алудың негізі. COVID-19 пандемиясының тәжірибесі қарапайым гигиена шараларының қаншалықты маңызды екенін тағы бір рет дәлелдеді. Осындай күнделікті әрекеттер адам өмірін сақтайды, — деді Гүлнар Буратаева.
Сонымен қатар, директор Павлодар облысының бас штаттан тыс эпидемиологы Сәуле Оспанованың инфекциялық бақылау жүйесін дамытуға және медицина қауымдастығының хабардарлығын арттыруға қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Іс-шараны ПОПЦ №1 перзентхана блогы ұйымдастырды. Қатысушылар инфекциялардың алдын алу және медицинадағы қол гигиенасының маңыздылығы мәселелерін талқылады.