Павлодар облысында алкоголь өнімдерінің бағасы ел бойынша ең жоғары өскендердің қатарында

Қоғамдық орындарда мас күйде жүру фактілері павлодарлықтар арасында көрші өңірлерге қарағанда сирек кездеседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мысалы, Қарағанды облысында спирттік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орында мас күйінде болу бойынша 13 497 жағдай тіркелсе, Павлодар өңірінде бұл көрсеткіш 44 пайызға төмен.
Бұл көрсеткіш бойынша антилидерлер қатарында – Астана, Қостанай облысы және Алматы қаласы. Ал ең аз құқық бұзушылық Ұлытау облысында – бар болғаны 1,5 мың жағдай.
Полицияның мәліметінше, спирттік ішімдіктер ішу көбіне қылмыс жасауға әкеледі. Ең жиі тіркелетіндері – ұрлық, мас күйінде көлік жүргізу және денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру.
Павлодарлықтардың алкогольге жұмсайтын шығындары өткен жылмен салыстырғанда азайғанымен, өңір әлі де ең көп ақша жұмсайтын үш облыстың бірі болып қалып отыр.
Өткен жылдың екінші тоқсанында бір отбасы орта есеппен 9494 теңге, ал биыл 9317 теңге жұмсаған.
Ал ең аз алкогольге қаражат бөлгендер – Маңғыстау облысының тұрғындары, олардың орташа шығыны бар болғаны 502 теңге.
– Қыркүйек айында алкоголь өнімдерінің ең көп қымбаттауы Павлодар облысында (6,2 пайыз), сондай-ақ Түркістан мен Ұлытау облыстарында байқалды, – деп хабарлады мониторинг агенттігі.
Ал ең аз өсім Қарағанды облысында тіркелді – бар болғаны 0,2 пайыз.