Павлодарда «Қауіпсіз үй» рейдтері аясында төрт мыңнан астам баспана тексерілді
Тәртіп сақшылары тұрмыстық зорлық-зомбылық пен қайталама заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында пәтерлерді аралауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, шаһарда «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Рейд барысында полицейлер аулаларды аралап, проблемалық тұрғын үйлерді тексереді және есепте тұрған азаматтардың тұрғылықты жеріне барады. Шара басталғалы бері мұндай баспаналарға 4 646 рет тексеру жүргізілді.
– Профилактикалық іс-шаралар қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, проблемалық жағдайларды уақтылы анықтауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. «Қауіпсіз үй» шарасының негізгі мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – деді Павлодар қаласы Полиция басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Қарабаев.
Полиция тұрғындарды қауіпсіздік мәселелеріне бейжай қарамауға және заңбұзушылықтар туралы дереу құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.