Павлодарда жиһаз фабрикасы келесі жылы жаңа цехқа көшеді
Бұл үнемі сатылымда тұратын жиһаздарды сақтауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Gallant Mebel» өндірістік фабрикасының негізін қалаушы Алина Садыкина компания тоғыз жыл бойы жұмсақ және корпустық жиһаз өндірумен айналысатынын атап өтті.
Кәсіпорынның жұмысы тек үш адамнан басталған. Бүгінгі таңда цехта 25-тен астам адам жұмыс істейді. Жұмсақ жиһаз өндірісіне үш топ қатысады: тігін цехында жеті тігінші, төрт құрастырушы және жиһазды жинайтын жеті шебер.
– Біз сапаға және қол жетімді бағаға үлкен мән береміз. Негізгі клиент – бұл бюджеттік сегмент. Тахта-дивандар мен кішкентай дивандарға баса назар аударылады. Себебі, аталмыш жұмсақ жиһаздарды айына жеті мың теңгеден бастап тиімді шарттар бойынша сатып алуға болады. Әрине, премиум-класстағы жұмсақ жиһаздарымыз да бар, бірақ олар азырақ сатылады, – дейді Алина Садыкина.
Жиһазға деген сұраныс үнемі өсіп келеді. Осыған байланысты 2023 жылы компания мемлекеттік «Даму-Өндіріс-2» бағдарламасы аясында банктен несие алған. 50 миллион теңге көлеміндегі қаражат жер телімімен қоса коммерциялық ғимаратты қайта құруға арнап алынған.
Сонымен қатар, үстіміздегі жылы компания әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мақсатындағы «Үміт» бағдарламасы бойынша айналым қаражатын толықтыру үшін 40 миллион теңге несие алған.
– «Даму» қорының қолдауымен келесі жылы жаңа, кең цехқа көшеміз. Бұл үнемі сатылымда тұратын жиһаздарды сақтауға мүмкіндік береді. Кеңейіп, алға жылжып жатырмыз. Мүмкін, бұл қаржыландыру болмаса, мен бұл мақсатыма тек бес жылдан кейін ғана жетер едім, – дейді кәсіпорын басшысы.
Айта кетерлігі, компанияның Павлодарда – үш, Ақсуда – екі дүкен, сондай-ақ Астана, Семей, Өскемен, Алматы және тіпті, Ресейде көтерме бағамен алатын клиенттері бар.