Павлодар облысында биыл отыздан астам бруцеллез фактісі анықталды
Уақтылы диагноз қойылмаған кезде мүгедектікке әкеледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзагүл Досжанованың айтуынша, бруцеллез ауруы жыл сайын көбінесе ауылдық аймақтарда тіркеледі. Биылғы жылдың тоғыз айында біздің облыста бруцеллез ауруының 33 жағдайы анықталған.
– Адам аң аулау кезінде ауру жануарлармен байланыста болған кезде, сондай-ақ ауру жануарлардың етімен, жүнімен, сүтімен, терісімен инфекция жұғады. Сондай-ақ, ауру жануарлардан қайнатылмаған сүтті және термиялық өңдеусіз сүт өнімдерін жеген кезде инфекция пайда болуы мүмкін. Ауру жануарлар арасында үй-жайларды жинау кезінде бруцеллалары бар шаң бөлшектері демалған кезде жұғуы мүмкін, – дейді Зәмзагүл Досжанова.
Маманның сөзінше, клиникалық тұрғыдан 39-40 градусқа дейін дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, шаршау, бас ауруы байқалады. Уақтылы диагноз қойылмаған кезде ауру созылмалы ағымға ие болады және көбінесе мүгедектікке әкеледі, әсіресе ауру көзімен үнемі байланыста болатын адамдар арасында кездеседі. Тірек-қимыл аппараты, жүйке, жыныс, жүрек-тамыр жүйесі зардап шегеді.
– Бруцеллездің алдын алу үшін мал басын бруцеллезге жүйелі түрде тексеру керек. Ауру мал анықталған кезде оқшаулау, оларға күтім жасау кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау қажет. Нашар қайнатылған, нашар қуырылған ет, шикі сүт, өңделмеген ірімшіктерді жеуге болмайды. Ет немесе сүт сатып алғанда өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарды талап ету қажет, – дейді Зәмзагүл Досжанова.
Облыстық ветеринария басқармасының мәліментіне сүйенсек, биылғы жылдың өткен кезеңінде бруцеллезге зерттеу үшін ауыл шаруашылығы жануарларынан 1 048 759 қан сынамасы алынған. Оның ішінде ірі қара малдан 489 405 сынама, ұсақ малдан 559 354 сынама алынды. Ірі қара малдан 2395 бас және ұсақ малдан 245 бас ауру деп танылды.
ІҚМ бруцеллезі бойынша жоспар 10 айда 80,7%-ға, ұсақ мал бойынша 80,7%-ға орындалды.
2023 жылға арналған жоспарға сәйкес жануарларды вакциналау бойынша 9,7 млн манипуляция жоспарланған (сібір жарасы, эмкар, құтыру, нодулярлы дерматит, аусыл және т.б.). 19 қазандағы жағдай бойынша 7,4 млн манипуляция орындалды, бұл 76,8% құрайды.