Павлодар облысында алкогольді заңсыз сатқан жүздеген кәсіпкер жазаланды

Павлодар облысында алкогольді заңсыз сатқан жүздеген кәсіпкер жазаланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жыл басынан бері қоғамдық орындарда ішімдік ішу және мас күйде жүру бойынша жеті мыңнан астам факт анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, алкоголь өнімдерін белгіленбеген уақытта сатқаны үшін 375 сауда нүктесінің иесі жауапкершілікке тартылды.

Полицейлер алкогольдік масаң күйде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында сауда орындарын тұрақты түрде тексеріп отырады.

Осындай заңбұзушылықтардың бірі Павлодар қаласында түнгі рейд кезінде анықталды. М. Горький көшесіндегі дүкендердің бірінде сатушы белгіленбеген уақытта ер адамға бір бөтелке коньяк сатқан.

– Сауда нүктесінің иесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Материал шешім қабылдау үшін сотқа жолданды, – деп хабарлады полиция департаментінде.

Бұдан бөлек, жыл басынан бері қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу және мас күйде жүру бойынша 7634 факт анықталған.

Полиция тұрғындарды алкоголь өнімдерін заңсыз сату фактілері туралы «102» нөміріне хабарлауға шақырды.