Баянауылға туристер ағымы артты: келесі кезекте Торайғыр жағажайы жаңарады

Баянауылға туристер ағымы артты: келесі кезекте Торайғыр жағажайы жаңарады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Көл жағалауын абаттандыру жобасының құны шамамен 870 миллион теңгені құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Баянауыл ауданына жұмыс сапары барысында өңірдегі туристік маусымның қорытындысымен және алдағы жобалармен танысты.

Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаевтың айтуынша, биыл ауданға 357 821 турист келген. Оның ішінде Жасыбай көліне 187 821, Сабындыкөлге 95 мың, Торайғырға 70 мың адам барған. Ауданда туристер саны өткен жылмен салыстырғанда 75 пайызға өскен. 

Өңір бойынша да туристік көрсеткіштер өскен. Ішкі туристер саны 26 пайызға, келушілер туризмі 6,2 пайызға артты. Орналастыру орындарының саны 150-ден 158-ге жетіп, нөмірлік қор 18,1 пайызға ұлғайған. Қазір облыстағы орналастыру орындарында 10 542 төсек-орын бар. 

Асайын Байханов туристік ағымның артуына жағажайлар мен жағалауларды абаттандыру да әсер еткенін атап өтті.

– Сабындыкөлдің жағалауын абаттандырдық, Жасыбай көлінің жағажайы толық жасалды. Ендігі кезекте Торайғырды қарастыру керек. Жыл сайын бір-екі көлді кезекпен жаңартып отырсақ, туристер саны одан әрі артады, – деді облыс әкімі.

Торайғыр көлінің жағажайын жаңғыртуға арналған жоба дайын және мемлекеттік сараптамадан өткен. Оның құны – 867,9 миллион теңге, ал абаттандырылатын аумақ 2,3 гектарды құрайды. 

Жоба бойынша жағажайда футбол және волейбол алаңдары, балалар ойын алаңы, фудкорт, екі дәретхана, медициналық пункт, құтқару мұнаралары мен пирстер салынады. Сондай-ақ автотұрақ кеңейтіліп, 35 орындық шатырлы демалыс аймағы қарастырылған.

Облыс әкімі мердігерді анықтау рәсімдерін көктемге қалдырмай, биыл бастауды тапсырды. Бұл қажетті жабдықтарға алдын ала тапсырыс беріп, құрылысқа қар ерігеннен кейін кірісуге мүмкіндік береді.

– Конкурсты қазір өткізіп, мердігерді анықтау керек. Ол қажетті жабдықтарға алдын ала тапсырыс берсін. Сәуірде жұмыстарды бастасақ, маусымның ортасына қарай аяқтауға мүмкіндік болады. Сонда туристік маусымға дайын боламыз, – деді Асайын Байханов.

Баянауылдағы туристік инфрақұрылымды дамыту басқа жобалармен де жалғасады. Аудан әкімінің мәліметінше, Жасыбай жағажайын абаттандыру толық аяқталған. Мұнда 64 күрке, 438 шезлонг, үш көлеңкелі бастырма, екі фудкорт, балалар, футбол және волейбол алаңдары, душ пен киім ауыстыратын орындар және үш дәретхана орнатылған. 

Торайғырдан кейін облыстағы басқа демалыс орындарын да кезең-кезеңімен жаңғырту жоспарланып отыр. Өңір басшысы Ақсу қаласындағы екі жағажайды, Маралды көлін және Аққулы ауданындағы Тұздыкөлді абаттандыру мәселесін қарастыруды тапсырды.