Павлодар облысында аз қамтылған отбасыларға интернат ашу ұсынылды

Павлодар облысында аз қамтылған отбасыларға интернат ашу ұсынылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол үшін қаржыландыру керек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Өңірлік даму орталығында өткен қоғамдық кеңестің отырысында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу тақырыбы қозғалды. 

– 2024 жылдың қорытындысы бойынша облыста отбасылық-тұрмыстық салада жасалған қылмыстар 63,6 пайызға  өсті. Бұл өсім әкімшілік бұзушылықтардың қылмыстық жауапкершілікке ауысуымен байланысты болды. Көбінесе қылмыстар алкогольдік ішімдіктерді ішу және қызғаныш негізінде кенеттен туындаған жанжал кезінде жасалды, – деді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Қуаныш Мұстафинов. 

Оның сөзінше, тұрмыс саласындағы құқық бұзушылықтар үшін 5177 тұлға, оның ішінде қорғаныс нұсқамаларын бұзғаны үшін 277 азамат, ал ерекше талаптарды бұзғаны үшін 899 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

Қоғамдық кеңес мүшелерін отбасыларда жанжал немесе ұрып-соғу фактісі орын алған жағдайда қасында тұратын көршілері үнсіз қалып, қылмысты жасыратыны алаңдатады. 

– Отбасылық абьюздан зардап шеккендер тиісті органдарға жүгінбейді. Бірақ барлық көршілері, таныстары, туыстары оны біле тұра үнсіз қалады, – деді қоғамдық кеңес мүшесі Сәуле Ахметова. 

Полицияда қылмысты жасыру бойынша іс қозғалады. Десе де, бұл әрекетті жасайтындар аз емес. 

– Күн сайын біз отбасылық тұрмыстық саласы бойынша келіп түскен хабарламаға  мониторинг жүргіземіз. Тәулік ішінде бізде 2-3 қоңырау түседі. Кейін инспекторлар келіп, профилактикалық әңгіме жүргізеді, жағдайды қарайды, – деді Қуаныш Мұстафинов.

Оның сөзінше, былтыр 233 қолайсыз отбасы анықталды және есепке қойылды, 335 ата-ана құқықтарынан айыру және шектеу туралы шешім шығарылды. 

Бұл орайда қоғамдық кеңесінің тағы бір мүшесі Бақыт Бексейітова қорғаншылық мәселесін көтерді. 

– Қалыпты жағдайда 5 мың балаға шаққанда бір маман болу керек. Ал бізде 10 мың балаға бір маман істейді. Министрлікке штаттық құрамды кеңейту бойынша хат жазған едік. Біздің ойымызды қолдап, алты маманға дейін ұлғайтылды. Бірақ әдіскердің 150 мың жалақысына кім келеді? Сапалы кадрлар келген жоқ. Бұл лауазымда балалармен, ата-аналармен жұмыс істейтін өте тәжірибелі психолог, адамдар болуы керек, – деді Бақыт Бексейітова.

Ол қорғаншылық және қамқоршылық органдарын білім беру басқармасының қарамағынан жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне ауыстыруды ұсынады. Сондай-ақ, Бақыт Бексейітова аз қамтылған және қолайсыз отбасылар үшін балаларды уақытша орналастыратын интернат ашу керек деп санайды. Алайда бұл мақсатта қаржыландыру керек. 

– Біз бәрін ата-ана құқығынан айыра алмаймыз. Айталық, жалғызбасты ана балаларды тәрбиелеп жатыр. Ол туберкулезбен ауырып қалды. Балаларды балалар үйіне, дарынды балалар мектебіне бағыттай алмайды. Облыста уақытша балаларды орналастыратын бір интернат керек, – деді қоғамдық кеңес мүшесі. 

Еске сала кетейік, дөңгелек үстелде сақтандырылмаған азаматтардың санын азайту, яғни МӘМС жүйесіне қатысты жүйелі, жылдан-жылға көтеріліп жатқан сұрақтар талқыланды.