Екібастұзда қарсы жолаққа шыққан әйел адам алты ай көлік басқармауы мүмкін
Бұл бұзушылық «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары қарсы жолаққа шыққан «Hyundai Creta» көлігін тізгіндеген әйелді ұстаған.
– Мұхтар Әуезов көшесінде қала тұрғыны «Hyundai Creta» маркалы көлік құралын басқара отырып, қарсы қозғалысқа арналған жолаққа шықты. Жүргізушіге қатысты әкімшілік материал толтырылып, сотқа жіберілді, – дейді Павлодар облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Қуаныш Мұстафинов.
Осы бұзушылық үшін жүргізуші алты ай мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылуы мүмкін. Қарсы қозғалыс жолағына шығу салдары ауыр болады, себебі, мұндай маневр жасаған жүргізушілер жылдамдықты асырады.
«Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шарасы шеңберінде тоғыз күннің ішінде тәртіп сақшылары төрт мыңға жуық жол қозғалысы ережесін бұзу фактісін анықтады. Оның ішінде 1177-сі белгіленген жылдамдық режимін бұзғаны, 475-і жолаушыларды тасымалдау кезінде талаптарды сақтамағаны, 260-сы маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін жазаланды. Бұдан басқа төрт жүргізуші қарсы жолаққа шыққаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Естеріңізге сала кетейік, аталған іс-шара ағымдағы жылдың 29 ақпанына дейін жалғасады.