Павлодар облысында «Ауыл – ел бесігі» жобасы қарқынды іске асуда

Әлеуметтік және инженерлік нысандар жаңғыртылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Дамир Төлебаевтың айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру және әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету.
2019 жылдан бері облыстағы халқы 156 мың адамды құрайтын елді мекендер қамтылды 103 ауыл жаңғыртылды. 35 миллиард теңгеге 424 жоба іске асырылды.
Тек өткен жылы 15 ауылда 58 жоба қолға алынып, оған 8,4 миллиард теңге бөлінді. Қазіргі таңда оның 3 жобасы аяқталу сатысында.
2025 жылы халық саны 28,5 мың адамды құрайтын 22 ауылда 45 жоба жүзеге асырылуда. Олардың ішінде, алты дене шынықтыру-сауықтыру кешені, екі бассейн, екі мәдениет нысаны, үш жарықтандыру желісі, 15 әлеуметтік және ТКШ нысандарын күрделі жөндеу, 48,2 шақырым ауылішілік жолдарды жөндеу бар.
Бүгінгі күні тоғыз жоба толық аяқталды, алты жоба соңғы кезеңде, 31 жоба әлі жұмыс үстінде.
Сонымен қатар, жоба аясында 163 уақытша жұмыс орны ашылды. Бұл жоспарланған 147 орыннан 110 пайызға артық.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы «Ауыл аманаты» жобасымен біріктіріліп, қосымша 10 ауылда әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға 5,3 миллиард теңге бағытталды.
Сондай-ақ, 203 жоба алдын ала іріктеліп, екі миллиард теңгеге ұсынылған. Олар жүзеге асса, 203 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұған қоса, бұрын модернизацияланған 52 ауыл «Ауыл аманаты» аясында тағы бір миллиард теңгенің қолдауын алады.
Дамир Төлебаевтың айтуынша, 2026 жылдан бастап «Ауыл – ел бесігі» жобасы тоқтатылады. Оның орнына өңірлік стандарттар жүйесі енгізіледі. Бұл жүйе әрбір ауылдың санатына аудан орталығы, тірек ауыл, ауылдық округ орталығы немесе шағын ауылдар байланысты әлеуметтік нысандар мен қызметтердің минималды тізбесін қарастырады.
– Өңірлік стандарттар жүйесі ауылдың халқы мен даму әлеуетіне қарай қандай нысандар болуы керектігін анықтайды. Мысалы, тірек ауылдарда мектеп, емхана, балабақша, мәдениет үйімен қатар банк бөлімшелері мен дәріханалар болуы тиіс. Бұл талаптардың бір бөлігі мемлекет есебінен, бір бөлігі жергілікті кәсіпкерлердің күшімен орындалатын болады, – деді Дамир Төлебаев.
Өңірде құрылыс пен жөндеу жұмыстарының кешігу фактілері де болған. Мәселен, Ақсу қаласына қарасты ауылдардағы бірнеше спорт нысаны бойынша сотқа дейінгі даулар тіркелген.
– Құрылыс жұмыстарын уақытында бастамаған немесе аяқтамаған мердігерлерге қатысты заң аясында шара қолданылады. Бұл жерде негізгі тапсырыс беруші – аудан мен қала әкімдіктері, – деп атап өтті Дамир Төлебаев.
Осылайша, Павлодар облысында «Ауыл – ел бесігі» жобасы өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуда маңызды рөл атқарып отыр. Алдағы жылдары ол жаңа форматтағы өңірлік стандарттар жүйесіне ауысып, ауылдарды кешенді түрде дамыту жалғасатын болады.