Павлодарда Айт күні 17 қазан палау таратылады

Павлодарда Айт күні 17 қазан палау таратылады
Фото: Константин Шелков

21 сәуірде Ораза айттың алғашқы күні Айт намазы облыстың барлық мешіттерінде бір мезгілде сағат 7.00-де оқылады, деп хабарлайды  Рavlodarnews.kz.

Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің аппарат жетекшісі Қуанышбек Әбуталапұлының айтуынша, аудандарда әртүрлі деңгейінде шаралар өткізіледі.

– Ертең сағат 14.00-де жұма намазынан кейін орталық мешіт ауласында  қаладағы мешіттермен бірлесіп, кішігірім шаралар ұйымдастырылады. Оның ішінде спорттық шаралар, балаларға арналған викториналар бар. Жатқа білетін Құран сүрелері сұралып, сыйлықтар үлестіріледі, – дейді Қуанышбек Әбуталапұлы.

Сонымен қатар жиналған халыққа шамамен 17 қазан палау таратылады. Облыста барлығы 104 мешіт бар.

Айта кетейік, Ораза айт – барша мұсылман үшін қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін ұлық мейрам. 21 сәуір – Ораза айттың бірінші күні. Мейрам үш күнге, яғни 23 сәуірге дейін созылады. Ораза айттың алғашқы күні мешіттерде жамағатпен айт намазы оқылады. Егер кімде-кім пітір садақаны беріп үлгермесе, Ораза айт намазы оқылғанға дейін беріп тастауы қажет. Айт намазынан кейін берілген пітір садақа жай садақа болып қалады. Биыл пітір садақаның мөлшері – 535 теңге.