Павлодар облысында балық аулағандар «ауға» түсті

Павлодар облысында балық аулағандар «ауға» түсті
Фото: pixabay.com/krzysztofniewolny

Олар шортанды шанышқымен ұстамақшы болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы бойынша «Зайсан-Ертіс» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бөлім басшысы Самал Темірболатованың айтуынша, әккі балықшыларға айыппұл салынды.

 - Павлодар облысында балық аулау ережелерін бұзу деректері жиілеп отыр. Мәселен, Екібастұз қаласының аумағында Қаныш Сәтбаев атындағы канал бойында анықталды. Тексеру барысында заңсыз жолмен ауланған 20 келі балық тәркіленді. Балықшылар шанышқы пайдаланған. Бұл тәсіл балық қорына айтарлықтай зиян келтіреді және заңмен қатаң тыйым салынған, - дейді Самал Темірболатова.

Салдарынан табиғатқа келтірілген жалпы шығын көлемі 300 мың теңгені құрады. Ал заң талаптарына сәйкес, мұндай әрекет үшін 500 мың теңгеге дейін айыппұл қарастырылған.

Сонымен қатар, арнайы рұқсат қағазынсыз балық аулау да әкімшілік құқықбұзушылық болып саналады. Павлодар облысында балық шаруашылығымен айналысатын арнайы нысандар бар. Бұл жерлерде балық аулауға арнайы рұқсат негізінде ғана мүмкіндік беріледі.

Еске сала кетейік, Павлодар облысында «Уылдырық» табиғат қорғау шарасы басталды.

Аружан Тоймырза