Қазақстан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында екінші орынға көтерілді
Қазақстандық спортшылар Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында әзірге 34 медаль жеңіп алды. Құрама жүлде үшін күресін жалғастырып, бүгін спорттың 21 түрінен жарысқа қатысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қыза түсті. Үшінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпы командалық медальдар кестесінде екінші орынға көтерілді.
Қазақстан құрамасының қоржынында 34 медаль бар. Оның 16-сы – алтын, сегізі – күміс, 10-ы – қола. Жалпы есепте Қырғызстан құрамасы көш бастап тұр. Қырғыз спортшылары 39 медаль жеңіп алған, оның 19-ы – алтын. Үшінші орында 24 медалі бар Ресей құрамасы келеді.

Қазақстандықтар үшін жарыстың үшінші күні аса нәтижелі болды. 3 қыркүйекте спортшыларымыз бір күнде 24 медаль жеңіп алды. Оның 12-сі – алтын, жетеуі – күміс және бесеуі – қола.
Қазақстан қоржынына армрестлингтен бірден жеті алтын медаль түсті. Нұрдаулет Айдархан мен Медет Құттымұратов өз салмақ дәрежелерінде оң және сол қолмен күресуден жеңімпаз атанды. Данил Устинов сол қолмен күрестен тағы бір алтын медаль иеленсе, Малена Сыдықжан 65 келіден жоғары салмақ дәрежесінде екі сайыста да жеңіске жетті.
Аударыспақтан да қазақстандық спортшылар жақсы өнер көрсетті. 100 келіге дейінгі салмақта Сырым Ізбасаров Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы атанды. Ол бұған дейін 2016 және 2024 жылдары да осы жарыста жеңіске жеткен. Бұл жолы 90 келіге дейінгі салмақта Дарын Өткелбай да алтын медаль еншіледі.
Самбодан 98 келіден жоғары салмақта Болат Сапар алтын медаль жеңіп алды. Ал қырғыз күрөш пен самбодан қазақстандық спортшылар күміс және қола жүлдеге ие болды.
Ұлттық мәдениет өкілдері де жүлдесіз қалған жоқ. Құсбегіліктен Серікболсын Жалғасұлы қаршығамен аң аулау сайысында жеңімпаз атанды. Арман Қошқаров бүркітпен, Бақдаулет Бабажан сұңқармен өнер көрсетіп, күміс медаль алды. Тағы бір қола жүлде Ерлан Кенжетаевтың еншісінде.
Ат спорты түрлерінен де Қазақстан құрамалары сәтті бастама жасады. Көкпардан қазіргі чемпиондар Ресей құрамасын 14:1 есебімен ойсырата жеңді. Ал көкборудан Қазақстан командасы Тәжікстан құрамасынан 16:3 есебімен басым түсті. Алайда бұл командалық спорт түрлерінен әзірге медальдар сарапқа салынған жоқ. Алда топтық кезең мен шешуші кездесулер бар.

Бүгін, 4 қыркүйекте қазақстандық спортшылар спорттың 21 түрінен жарысты жалғастырады. Бағдарламада көкпар, көкбору, аламан бәйге, құнан бәйге, жорға, ұшқыр бәйге, дөнен бәйге, қазақ күресі, гюлеш, гуштини милли гамарбанди, хапсагай, овари, мангала, тоғызқұмалақ, ат марафоны, ордо, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, арқан тарту, стронгмэн және тазы жарысы бар.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда өтіп жатыр және 6 қыркүйекте аяқталады. Қазақстан құрамасының медаль қорын толықтырып, жалпыкомандалық есепте көшбасшылық үшін күресуге әлі де мүмкіндігі бар.