Павлодар облысында электровоз жылқыны қағып кетті

Павлодар облысында электровоз жылқыны қағып кетті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Көлік полицейлері жануарлар жүздеген шұғыл тежеуге себепкер болғандықтан дабыл қағуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Жыл басынан бері көліктегі полиция департаментінде пойыздардың шұғыл тежелуіне қатысты 554 факті тіркелді. Оның 401-і теміржол бойында жануарлардың болуына байланысты орын алған. Мұндай оқиғалар қозғалыс қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіріп, апатты жағдайларға әкеп соғады әрі адамдар мен жануарлардың өміріне қатер төндіреді. 

– Мәселен, өткен тәулікте Павлодар облысында электровоз жылқыны, ал Маңғыстау облысында жүк пойызы ірі қара малды қағып кеткен. Сонымен қатар, Алматы және Түркістан облыстарында темір жол төсемінің бойында жайылып жүрген ірі қара және ұсақ малға соқтығысудың алдын алуға мүмкіндік туды, – деді ҚР Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жоғарыда аталған барлық жағдайларда көлік полицейлері жануарлардың иелерін жедел анықтап, оларды теміржолдың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Көліктегі полиция департаменті ауыл шаруашылығы жануарларының иелерін мал жаю тәртібін қатаң сақтап, оларды тәулік бойы бақылауда ұстауға шақырады.