Ақсу ауылдық аймағында Сәбит Дөнентаевқа арналған музей ашылды

Ақсу ауылдық аймағында Сәбит Дөнентаевқа арналған музей ашылды
Фото: музей қызыметкерінен

Мұражай қорында барлығы мыңға жуық жәдігер жинақталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Мәдениет үйінің екінші қабатында орналасқан жаңа музей екі негізгі залдан тұрады. Оның бірі – осы ауылдың тумасы, «қазақ әдебиетінің бозторғайы» атанған ақын Сәбит Дөнентаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған. Мұнда қаламгердің «Көркемтай» туындысынан иллюстрация, ақынның шығармалар жинағы, немересі Балқия Дөнентаевадан Сәбиттің қамшысы, сөмкесі, көне портреті, қызы Сәулеттің портреті, әулетінің іс машинасы, сандығы, шам, қолжазбаларының көшірмелері, сондай-ақ әулетінің шежіресі қойылған.

Екінші залда ауылдан шыққан тарихи тұлғалардың фотосуреттері, ғұмырбаяндары, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан азаматтар туралы мәліметтер, ауыл тұрғындарының көне тұрмыстық бұйымдары мен архивтік құжаттары жинақталған. Бүгінгі күні бұл музейде ауыл тарихына қатысты барлығы мыңға тарта жәдігер жинақталды.

– Музей – тек өткен күннің шежіресі емес, ол ұрпаққа аманат, тарихпен тамырлас тағылым ордасы. Сәбит Дөнентаевтың өнегелі өмірі мен өрелі мұрасы өскелең жас ұрпақты отансүйгіштікке, адалдыққа баулиды», – дейді ұйымдастырушылар.

Іс-шара барысында музейдің қалыптасуына үлес қосқан азаматтар да құрметке бөленді. Атап айтқанда, ҚР Ақпарат саласының үздігі, «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, журналист Сая Мұсабаеваға және «Аға мұғалім» атағының иегері, есімі Қазақстан Республикасының «Алтын кітабына» енгізілген ұстаз Көгаршын Шакарқызына сый-құрмет көрсетілді.

Сондай-ақ, музейдің ашылуына ауыл ұстазы әрі қоғамдық жұмыстардың белсенді қатысушысы Көгаршын Шакарқызы себепкер болды. Ол соңғы жылдары ақын Сәбит Дөнентаев жайлы деректерді жинап, құнды мұрағаттарды бір арнаға тоғыстыруға еңбек еткен.

Жергілікті халықтың айтуынша, бұл музей – тек өткеннің шежіресі ғана емес, келешек ұрпаққа аманат, тарихпен тамырлас тағылым ордасы.