Үй жөндеуіне жылдар бойы ақша тапсырмаған павлодарлықтың әрекеті сотта қаралды
Күрделі жөндеу жұмыстарымен айналысқан мердігер пәтер иесін сотқа берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты ЖШС-нің тұрғынынан кондоминиумның ортақ мүлкін күрделі жөндеуден өткізуге байланысты берешекті өндіріп алу туралы талап қоюы бойынша істі қарады.
Тараптар арасында күрделі жөндеу жұмыстарының жекелеген түрлерін орындау бойынша шарт жасалған, орындалған жұмыстардың нәтижелері қабылдау актісімен қабылданды. Осыған қарамастан, пәтер иесі 2019 жылдан бері көрсетілген қызметтер үшін төлем жасаған жоқ, бұл сотқа жүгінуге негіз болды.
Үйдің тұрғыны жұмыстың кемшіліктері мен сапасыз орындалуын көрсете отырып, талап қоюға қарсылық білдірді. Алайда сот бағдарлама аясында жылу торабын, сумен жабдықтау, жылу жүйелерін орнату, баспалдақ торларын жөндеу жұмыстары жүргізілгенін, ал жауапкер пәтердің меншік иесі ретінде күрделі жөндеуден өткен жақсартуларды пайдаланғанын анықтады. Шарт жасасу кезіндегі ұйымдастырушылық бұзушылықтар туралы дәлелдер негізсіз деп танылды, өйткені шарт пен қабылдау актілерінің күші жойылмаған және жарамсыз деп танылмаған.
Сотпен талап қою толық қанағаттандырылды және тұрғыннан берешек сомасы өндірілді.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.