Павлодар облысында Конституцияның тарихи мәні талқыланды

Мереке қарсаңында облыс орталығында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Достық үйінде» өткен іс-шараға облыстық сот қызметкерлері, құқық саласының мамандары, белсенді азаматтар мен қариялар қатысты. Жиын барысында Ата Заңның арқасында жеткен жетістіктер, азаматтардың құқықтары мен міндеттері тағы бір мәрте талқыланды.
Іс-шараны ақпарат және қоғамдық даму басқарма басшысы Әлнұр Сейдуманов құттықтау сөзімен бастады. Өз сөзінде ол Ата заңның маңыздылығын атап өтті.
— Конституция - еліміздің басты заңы, мемлекеттің берік тұғыры. Әрбір азаматтың құқығы мен еркіндігінің кепілі. Жалпыға бірдей жол ашатын Әділетті Қазақстанды құру үшін Конституция қағидалары қатаң сақталып қоймай, қоғамның сана-сезіміне орнығуы тиіс. «Адал азамат» деген атқа лайық әрбір адам Ата заңды өмірлік ұстанымына айналдыратынына сенімдімін. Баршамызға мереке құтты болсын, - деді Әлнұр Сейдуманов.
Облыс прокуратурасының аға прокуроры Максим Щербаковтың сөзінше, 2022 жылы қабылданған заң аясында олардың жұмыс өкілеттіктері кеңейді. Осылайша мамандар үшін Конституциялық құқықтарды сақтау жұмысы оңтайландырылды.
— Осы уақытқа дейін біз жүз мың адамның құқықтарын қорғап қалдық. Оның ішінде Конституциялық құқықтар бойынша істер де бар. Ұйым мемлекет, адам және өзге де маңызды салалардың барлығын қамтуға тырысады, — деп қорытындылады Максим Щербаков.
Келесі кезекте сөз сөйлеген облыстық әділет департаментінің құқықтық түсіндіру және заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Асқар Серғазинов өңір азаматтарының барлығы сапалы заңгерлік көмек алуға құқылы екенін тағы да еске салды. Кейде заң жүзінде қарастырылған жағдайларда құқықтық көмек тегін көрсетіледі.
—Әділет департаменті халық арасында құқықтық сауаттылықты арттыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Балалар көп шоғырланатын жерде олармен түсіндірме диалогтарын өткіземіз. Оқу орындарында профилактикалық лекциялар жүргіземіз, — деді Асқар Серғазинов.
Жұмыстарды жүзеге асыру кезінде сот қызметкерлерінің жұмысы маңызды. Олар – азаматтардың мәселелері заң аясында шешілгенін бақылап отыратын орган. Айта кетейік, қызметкерлердің барлығы мемлекет басшысының қаулысы аясында жұмысқа тұрады.
—Конституция мерекесінің сот жүйесіне тікелей қатысы бар. Біздің жұмысымыз – Ата Заң баптарын күнделікті жүзеге асыру. Әрбір сот қызметкері - әділеттіліктің кепілі және әрбір азаматтың құқықтарын қорғаушы маман, — деді облыстық сот төрағасы Серік Төлегенов.
Іс-шара соңында еліміздің дамуына қосқан үлестері үшін құқық мамандары облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқарма басшысының Алғыс хаттарымен марапатталды.