Павлодарлық ұлы ақынның мерейтойында 15 миллион теңге ойнатылады

Павлодарлық ұлы ақынның мерейтойында 15 миллион теңге ойнатылады
Фото: Константин Шелков

Иса Байзақовтың 125 жылдығына орай спорттық жарыстарды толықтай демеушілер өз қалталарынан көтерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Белгілі болғандай, 25-26 шілде күндері ұлы ақынның туған жерінде ауқымды мерекелік шаралар өтеді. Ертіс аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі хабарлағандай, 25 шілдеде аудан орталығында Иса Байзақовтың 125 жылдығына арналған ат жарысы басталады.

Жүлде қорының шамамен 15 миллион теңгесі жергілікті ауылшаруашылық тауар өндірушілері, кәсіпкерлер мен қарапайым павлодарлық жанашырлардың қайырымдылық көмектерінен жиналды. Ең қомақты жүлде көкпар сайысының жеңімпазына – бірінші орынға үш миллион теңге, екінші орынға – 1,5 миллион, үшіншіге  бір миллион теңге беріледі.

Ат бәйгесінде, әдеттегідей, аламан бәйгенің ең ірі жүлде қорын айтуға болады. 25 шақырымдық ат марафонында үздіктер JAC JS автокөлігінің кілтіне ие болады. Жеңімпаздар сәйкесінше 1,5 миллион, бір миллион, 500 мың және 300 мың теңге ақшалай сыйлықты қанжығасына байлайды.

Қазақ күресінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері де жүлдесіз қалмайды. Күрестен 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде бірінші орын алған палуан миллионер атанса, финалға шыққан спортшы 500 мың, жеңіс тұғырын жапқан балуан 300 мың теңге алады.

Мерейтойдың алғашқы күні Ертіс ауылында этноауыл тігіліп, онда көкпаршыларға арналған спорт алаңы орнатылады. Мұнда еліміздің үздік спортшылары келеді. Мәдени бағдарлама аудандық мәдениет үйінде басталады. Қазақстан, Моңғолия және Қырғызстан ақындарының қатысуымен «Ертіс аясында» халықаралық айтысының бірінші кезеңі өтеді – барлығы ел мойындаған 12 сөз шебері сахнаға шығады.

Салтанатты ашылу басты сахнада сағат 11:00-де басталады. Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның әртістері мерекелік концерт береді. Осыдан кейін айтыстың екінші кезеңі аяқталып, марапаттау рәсімі өтеді. Қазақстандық эстрада жұлдыздары мен еліміздің әр өңірінен келген шығармашылық топтардың өнерлері көрерменді тәнті етеді.

Еске салайық, 26 шілдеде екі жүз павлодарлық этноауылға автобуспен тегін бара алады. Жиналыс таңғы алтыда облыстық кітапханада өтеді деп жоспарланған.