Екібастұзда ата-анасының ішімдік ішкенінен шаршаған бала әжесіне кетіп қалған
Материал сотта қаралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тұрғындардың бірі көршілері жиі ішетінін, ал бала қараусыз қалатынын айтып, қоңырау шалған.
– Тексеру кезінде баланың ата-анасы мас болған. Он жасар ұлы «ата-анаң қайда?» деген полицияның сұрағына жауап бере алмады. Кейінірек қызметкерлер баланың ата-анасының мастығынан шаршағанын, әжесімен бірге тұруға кеткенін анықтады, – деді департаментте.
Ерлі-зайыпты полицияға және наркологиялық диспансерге есепке қойылды. Ұлын дұрыс тәрбиелемегені, алкогольдік ішімдіктерді асыра пайдаланғаны үшін екеуі де жауапқа тартылады. Ата-ананың әрқайсысына 7 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
Ата-аналардың мінез-құлқы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда қаралып, заңды өкілдерге сынақ мерзімі берілді. Олар бір ай ішінде жағдайды түзетіп, алкогольдік ішімдіктерді ішпеуі және ұлын дұрыс тәрбиелеу керек. Комиссиядан кейін бала отбасына қайтарылды.
Сондай-ақ тағы бір жағдайда көршілер полицияға кәмелетке толмаған үш бала бар ересектер алкогольдік ішімдіктер ішетінін хабарлаған. Шақырту орнына келген полиция қызметкерлері ата-аналар үстел басында отырып, алкоголь ішіп отырғанын көрген. Ал кәмелетке толмаған 6, 13 және 17 жастағы үш бала бұл жағдайдың барлығын көріп отырған. Полицейлерді көрген әкесі мен шешесі айқайлап, балағат сөздер айтқан, айналасына заттарды, жиһазды лақтырған. Балалар ата-анасының бұл әрекеттері үшін ыңғайсызданып, ұялған. Ерлі-зайыпты уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына орналастырылды.
Отбасы полицияға және наркологиялық диспансерге есепке қойылды. Ата-ана жауапқа тартылды, материалдар сотқа және кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жіберілді.
Айта кетерлігі, ағымдағы жылы тәрбие мен білім беру, құқықтар мен мүдделерді қорғау, кәмелетке толмағанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін 800-ге жуық заңды өкіл жазаланды. Тек ағымдағы жылы 46 кәмелетке толмаған бала қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды.