Павлодар облысында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 6 лагерь бар
Бұл лагерьлер мектеп-интернаттарының жанында орналасқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы білім беру басқармасы басшысының орынбасары Роза Ақанова мәлім етті.
– Бүгінгі таңда 200-ден астам мүмкіндігі шектеулі бала жазғы лагерьге қатысады. Ал кейбір жарымжан балалар қала сыртындағы лагерьлерге баруға мүмкіндігі бар. Егер бала өзін-өзі басқара алса, басқа лагерьлерге де барса болады. Тек баланы көзден таса қылмау керек, – дейді Роза Ақанова.
Облыс бойынша 6 арнайы мектеп-интернатта 800-ден астам бала білім алады. Оның ішінде біреуі – Ақсу қаласында, бесеуі Павлодар қаласында орналасқан.
Оның айтуынша, Павлодар қаласының мектептері есепте тұрған балаларға қызмет көрсету саласы колледжімен бірлесіп, шаштараз өнері және тігін жұмысы бойынша практикалық сабақтар өткізеді. Сондай-ақ түрлі есепте тұрған кәмелетке толмаған және жайсыз отбасылардан шыққан балалардың бос уақытын қамтуды барынша ұйымдастыру ерекше бақылауға алынған.
– Мектептің спорттық инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді. Мәселен, соңғы үш жылда 20 мектеп спорт стадионына кешенді күрделі жөндеу жүргізілді. Осыған байланысты «Спорттық мүмкіндіктер жазы» жобасына бастамашылық жасадық, спорт ғимараттарында балаларды кешкі спорттық іс-шаралармен қамту көзделетін болады, – дейді Роза Ақанова.
Айта кетейік, Павлодар облысында 12 қала сыртындағы балалар лагері жұмыс істейді. Оның ішінде мемлекеттік – 9, жеке меншік – 3. Содай-ақ, 40 мыңнан астам оқушыны қамтитын 326 мектеп жанындағы лагерь мен алаң жұмысын ұйымдастыру жоспарлануда.