Павлодар облысында ауылдық қазандықтарға техникалық аудит жүргізіледі

Тиісті тапсырманы өңір әкімі Асайын Байханов берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жұмыс сапарымен Железин ауданына барған әкім Железинка ауылындағы №2 қазандықтың жұмысымен танысты. Өткен жылыту маусымында бұл нысанда ақау шығып, 160-тан астам абонент жылусыз қалған болатын.
– Облыс әкімі келесі жылыту маусымына дейін барлық ауылдық қазандықтардың техникалық дайындығын және сәйкестік паспорттарының болуын қамтитын кешенді аудит жүргізуді тапсырды, – деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сол күні «Еңбек Жол» ЖШС алқабында Асайын Байханов аграршылармен кездесіп, көктемгі егіс науқанының барысы мен саладағы өзекті мәселелерді талқылады.
Шаруашылық басшысы Александр Свиридов 893,3 млн теңгеге бағаланған суармалы егіншілікті дамыту жобасының екінші кезеңін таныстырды. Шаруашылықта жеті жаңбырлатып суару жүйесі жұмыс істейді, қосымша екі қондырғы мен екі сорғы станциясы сатып алынған. Сондай-ақ, сыйымдылығы 3 мың тонна болатын көкөніс қоймасы салынған. Ауыспалы егіс құрылымында бидай, арпа, күнбағыс, сүрлем жүгері, картоп және қарақұмық өсіріледі.
Басты қиындықтардың бірі – суару жүйелерін жаппай қосу кезінде электр қуатының жетіспеушілігі. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдар мен «ПЭТК» АҚ бұл мәселені бірлесіп талдап, ауыл шаруашылығы өндірісін тұрақты қамтамасыз ету үшін қуат көлемін арттыру бойынша ұсыныстар әзірлемек.
Сапар аясында облыс басшысы «Алтын Жер» ЖШС-не де барды. Шаруашылық басшысы Андрей Коваленко 1,8 мың гектар алқаптағы егіс науқаны және жүргізіліп жатқан агротехникалық іс-шаралар туралы баяндады. Бұған дейін бұл жерде 2,5 мың тонна астық сақтайтын қойма құрылған болатын.
Асайын Байханов ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің еңбекақысын арттырудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, барлық талаптар орындалған жағдайда механизаторлардың табысы 680 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұл басқа шаруашылықтар үшін де бағдар болуы тиіс.
Сапар соңында өңір басшысы «Сәттілік» жеке наубайханасына барды. Кәсіпорын тәулігіне 250 бөлке нан шығарады. Байханов өндірісті жаңғырту мен өнім түрін көбейтуге қатысты жоспарларды оң бағалап, шағын және орта бизнесті дамытудың маңызын атап өтті.