Павлодар облысында пайдаланылмай жатқан жер мемлекетке қайтарылды

Павлодар облысында пайдаланылмай жатқан жер мемлекетке қайтарылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Екі ауданда жоспардың орындалмау қаупі бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы «Жер аманаты» өңірлік комиссиясы Асылбек Туғанбайдың төрағалығымен маңызды отырыс өткізді. Басты талқылау арқауы – ұзақ уақыт бойы пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару және оларды ауыл шаруашылығы айналымына тиімді енгізу жұмыстары болды.

Бұл бағытта Павлодар облысы жоғары қарқын көрсетті. Жоспарланған 130 мың гектардың орнына 141 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған, бұл – жоспардың 108,5%-ы. Бұл жетістік жалпы облыс бойынша оң динамиканы көрсетеді.

Алайда, оң нәтижелерге қарамастан, Ертіс және Тереңкөл аудандарында жоспардың орындалмау қаупі сақталуда.

– Тереңкөл ауданында 2025 жылы арнайы жер қорына 9,5 мың гектар қайтарылған. Оның 3,7 мың гектары конкурс арқылы айналымға енгізілген, 0,7 мың гектары елді мекен қажеттіліктеріне бөлінген. Қалған 2,4 мың гектар биылғы жылдың 23 желтоқсанында конкурсқа шығарылады, ал 2,7 мың гектарды келесі, 2026 жылы айналымға енгізу жоспарланған. Ертіс ауданында 7 мың гектар жоспардың 5,4 мың гектары орындалған. Аудан әкімінің орынбасары Азамат Бекпаев қалған бөлігі 2025 жылдың 26 желтоқсанына дейін орындалатынына комиссия мүшелерін сендірді, – деді «AMANAT» партиясы облыстық филиалының баспасөз қызметі.

Мемлекетке қайтарылған жерлердің одан әрі тиімді пайдаланылуы мәселесі де ерекше назарда болды. Бүгінде 107,3 мың гектардың 82,4 мың гектары, яғни 77%-ы, ауыл шаруашылығы айналымына енгізілген. Оның ішінде 10,5 мың гектар халықтың мал жаюы үшін әкімдіктердің иелігіне берілген. Облыста пайдалануға жарамсыз жерлер жоқ. Қалған 220,4 мың гектар 2026 жылдың ортасына дейін толық айналымға енгізілмек.

Комиссия отырысында жерді халық қажеттілігіне өтеусіз беру бойынша аудандардағы оң тәжірибелер де үлгі ретінде аталды. 

– Мәселен, Железин ауданында «Жұмабек Агро» ЖШС 2025 жылы Петропавловка ауылының тікелей маңынан жеке қосалқы шаруашылықтардың мұқтажы үшін 1989,4 гектар жайылым жерді өтеусіз негізде берген. Павлодар ауданында 2024 жылы «Киров» ЖШС-мен 604 гектар жайылымды өтеусіз беру туралы меморандум жасалған. Осындай меморандум «Луганск» ПК-мен де жасалып, 1385 гектар жер берілген, – делінген хабарламада.

Бұл тәжірибелер жерді қайтарудағы әлеуметтік бағытты күшейте түседі.