Павлодарда автобус жүргізушілері жол ережелерін өрескел бұзуда
Олардың біреуі орындарды ауыстырса, басқасы жарық құралдарын қайта жабдықтап жүр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полицейлер жолаушы тасымалдаушылары жіберген 300 жол жүру ережелерін бұзушылықтың жолын кесті.
Көлік құралдарын пайдалануға, шығаруға және олардың техникалық жай-күйіне жауапты автобус парктерінің лауазымды тұлғаларына қатысты әкімшілік іс қозғалды.
– Жолаушылардың қауіпсіздігі тасымалдаушыларға ғана емес, жолаушылардың өздеріне де байланысты. Маршруттық көлік құралдарында жүру кезінде барлық жолаушыларға тұтқаларды ұстау, орнында болу, аялдамаларға тоқтау және түсіру кезінде асықпау ескертіледі. Ал қауіпсіздік белдіктерімен жабдықталған автобустарда белдікті байлау керек, – делінген хабарламада.
Департамент азаматтардан автобус жүргізушісінің тәртібі күмәнді, мас болу белгілері немесе ЖЖЕ бұзғанына куә болған жағдайда полиция қызметіне қоңырау шалып, осы фактілер туралы хабарлауды сұрайды.
Жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыратын көлік құралдарын бақылау күнделікті профилактикалық іс-шаралар барысында жалғастырылатын болады.
Естеріңізге сала кетейік, өңірде жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, көлік тәртібін арттыруға, сондай-ақ қоғамдық көліктердегі апаттардың алдын алу бойынша жұмысты ұйымдастыруға бағытталған «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.