Павлодарда қарамағындағы қызметкерлерінің жемқорлығы үшін шенеунік сөгіс алды

Павлодарда қарамағындағы қызметкерлерінің жемқорлығы үшін шенеунік сөгіс алды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша іс сотқа жіберілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің ұсынысы бойынша ҚР ҚІЖК 200-бабы тәртібінде өзінің лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін сөгіс түрінде тәртіптік жазаға Павлодар қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы тартылды. Сонымен қатар, басшының орынбасары қатаң сөгіс түрінде жаза алды.

– Павлодар қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері және басқа да адамдар 1-топтағы мүгедектігі бар адамдарды алып жүру үшін жеке көмекшілердің қызметтеріне ақы төлеуге бөлінген аса ірі мөлшердегі бюджет қаражатын ұрлаған.  Олар ақшалай қаражатты іс жүзінде жеке көмекшінің қызметін көрсетпеген тұлғалардың есеп-шоттарына негізсіз аударып отырған,– деді департаментте. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұл жағдайға қатысты қылмыстық істі аяқтады. Қазіргі уақытта іс сотқа жіберілді.

Естеріңізге сала кетейік, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 10-бабына сәйкес мемлекеттік органдардың басшылары бағынысты мемлекеттік қызметшілер тарапынан сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуға тиіс.