Павлодар облысында суармалы учаске игерілуде

Жоба ағымдағы жылы іске қосылып, бес жаңа жұмыс орны ашылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, Ақсу қаласына қарасты Қалқаман кентінде «Бастаушы-AGRO» ЖШС суармалы жер учаскесін салу бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр.
Жоба барысымен танысу мақсатында кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов инвестор өкілімен кездесті. Қазіргі уақытта болашақ егістікке арналған аумақта дайындық жұмыстары жүріп жатыр.
– Учаске толық іске қосылғаннан кейін бес жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Инвестор жобаны 2025 жылы жүзеге асыруды көздеп отыр, – деді Ерқанат Әбенов.
Оның айтуынша, бұл бастама өңірдің аграрлық секторын дамытуда маңызды рөл атқарады. Суармалы жерлерде заманауи технологияларды қолдану егін өнімділігін арттыруға, жер ресурстарын тиімді пайдалануға әрі ауа райына тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жоба Қалқаман кенті мен оған іргелес ауылдардың экономикасын нығайтып, жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына оң әсер етеді.