Павлодарда ерлер мен әйелдер арасында асық атудан ел біріншілігі өтуде

Павлодарда ерлер мен әйелдер арасында асық атудан ел біріншілігі өтуде
Фото: автор

Облыс құрамасының турнирлік кестедегі орны белгілі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан чемпионаты Ертіс-Баян өңірінде алғаш рет ұйымдастырылуда. "Бірлік" жекпе-жек орталығында өтіп жатқан додаға еліміздің 19 өңірінен 200-ге жуық үздік сұрмерген жиналған. Павлодар облысының асық атудан аға жаттықтырушысы Қалибек Қуанұлының айтуынша, мұндай жарыстар ұлттық спортқа деген қызығушылықты арттырып, оның кеңінен қанат жаюына ықпал етеді.

– Қазір жекелей сында соңғы турлар өтіп жатыр. Ойын тәртібін өрескел бұзу немесе даулы жағдайлар тіркелген жоқ. Бәсеке жоғары деңгейде өтуде. Көптеген адам жарыстарға қатыса алмай жатады. Соларға да мүмкіндік берейік деген ниетпен чемпионатты Павлодарда өткізіп отырмыз. Жарысқа 21 жастан асқан кез келген адам қатысуда, – деді Қалибек Қуанұлы.

Әр спорт түрі бойынша өңірлерден үш мергеннен келген. Павлодар облысының намысын асық атудан Қайраш Ақанов, Ермағамбет Махметов, Қаппас Бижанов және Амангелді Хасенов қорғауда. Ал бес асықтан Гүлжазира Алпыспай, Сәуле Шаншарова мен Құндыз Күлшиева бақ сынауда.

Құрама сапында Екібастұз қаласынан келген Жомарт Нұрланов та бар. Мамандығы бойынша – механик. Алайда ұлттық спортты жанына серік еткен ол- күн сайын 2-3 сағатын жаттығуға арнайды. Бүгінде тәжірибелі спортшы кезекті жеңісіне үмітті.

– Чемпионаттың өз жерімізде өтіп жатқаны үлкен күш береді. Әзірге жақсы нәтиже көрсетіп келеміз. 2023 жылы чемпион болған едім. Содан бері екінші, үшінші орындарды иеленіп жүрмін. Биыл есемді қайтарғым келеді, – деді Жомарт Нұрланов.

Дегенмен жергілікті мергендерге қарсыластар да оңайлықпен дес бермейді. Жомарт Нұрланов Ақтөбе облысының спортшысына есе жіберіп алды. Ал өткен жылғы турнирде ешкімге дес бермеген Ғарышбек Құлыбек биыл да жоғары нәтиже көрсетуге ниетті.

– Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Жалпы, жекелей бәсеке швейцариялық форматта өтуде. Әр ойыншы тоғыз ойын өткізеді. Жеті жеңісі бар спортшылар алдыңғы орындарға таласады. Қазір турнир кестесін компьютерден бақылап отырмыз. Әзірге екінші-үшінші орындамын, – деді Ғарышбек Құлыбек.

Чемпионат 13 қарашаға дейін жалғасады. Әзірге асық атудан Павлодар облысының құрамасы көш бастап тұр. Ал бес асықтан елордалық ұжым алда келеді. Айта кетейік, жарыс қорытындысы бойынша үздік спортшылар ұлттық құрама сапына іріктеліп, әлем чемпионатында ел намысын қорғауға мүмкіндік алады.